Халықаралық банк сарапшылары есептеу әдісіне жоспарлаудың көшуіне қатысты консультация өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық валюта қоры мен Азия даму банкінің құзыретті мамандарының бірі халықаралық консультанттар Джон Зохраб (Кавказ өңірі, Орталық Азия және Қазақстан Республикасы бойынша ХВҚ өңірлік кеңесшісі) пен Кен Уоррен (АДБ консультантты, Жаңа Зеландия Қаржы министрінің кеңесшiсi) есептеу әдісіне бюджеттік жоспарлаудың көшуі бойынша жалпы тәсілдерді анықтау үшін консультациялар өткізді.
Оған Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, Есеп комитетінің өкiлдері қатысты. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Миссия барысындағы сарапшылармен Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов кездесіп, онда реформаны қолдау бойынша министрлік пен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі мүдделерге назар аударылды.
Сонымен қатар, халықаралық консультанттар бюджеттік жоспарлау мәселелерімен айналысатын орталық мемлекеттік органдардың мамандарына арнайы семинар ұйымдастырды. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің халықаралық тәжірибесі негізінде әдістің негізгі тұжырымдамалары және қағидаттары таныстырылды. Сондай-ақ, миссия шеңберінде Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің Жұмыс тобының отырысы өтіп, онда халықаралық консультанттар бюджеттік жоспарлау саласында мамандарды практикалық оқытуды өткізді.
Айта кетейік, бюджеттік жоспарлау сатысында есептеу әдісіне көшуді жүзеге асыратын Австрия, Швейцария, Австралия, Жаңа Зеландия, Канада сияқты елдердің тәжірибелері осы мәселенің егжей-тегжейлі зерделенуі мен әдіснамалық пысықталуы қажеттігін көрсетеді.