Халықаралық баскетбол қауымдастығының (FIBE) бас хатшысы азиялық Middle аймағын екіге бөлуді ұсынды
АЛМАТЫ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Халықаралық баскетбол қауымдастығының (FIBE) бас хатшысы Патрик Бауман Қазақстанда жұмыс сапарымен жүр. Бүгін ол Алматыда Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстанның баскетбол қауымдастығының өкілдерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында Орталық Азияда баскетболды дамыту, бұл бағытта бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды. «Қазіргі таңда әлемде баскетбол қатты дамып келеді. Осы бағытта Орталық Азия мемлекеттерін де көшбасшылар қатарынан көргіміз келеді», дейді ҒІВЕ басшысы. Ол сөзінде Орталық Азия мемлекеттері арасынан Қазақстанның мүмкіндігінің мол екендігіне тоқталды. Сондай-ақ Орталық Азияның 5 мемлекеті Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстанның өзара топ құрып, Азиялық Middle аймағынан бөлінуін ұсынды. Оның ұсынысы бойынша аиялық Middle аймағы Орталық және Оңтүстік-батыс аймағына бөлінуі тиіс.
«5 мемлекет өзара топ құрып аймақтық чемпионат өткізіп, бірлескен іс-қимылдар жасаса баскетболды дамыту жылдам жүзеге асар еді», деді П.Бауман. Ол бұл бағытта халықаралық қауымдастық тарапынан барлық көмектің болатынын атап өтті.
Кездесуге қатысқан Орталық Азия мемлекеттері баскетбол қауымдастығының өкілдері ұсынысты қолдап, бұның үлкен мүмкіндік беретінін айтты. Кездесу ертең де жалғасады. Егер кейбір мәселелер шешімін тапса, онда кездесу қорытындысы бойынша Азияның Middle аймағы бөлінетін болады.