Халықаралық «Бастау» кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды (ФОТО)
Виктор Мережко, Анна Вильгельми, Ерлан Нұрмұхамбетов, Макс Джейкоби және Анастасия Макеева сынды кино саласы мамандарынан құралған қазылар алқасы үздік кинотуындыларды атады.
Сонымен, режиссер Аман Ажиматтың (Қырғызстан) «Дене шынықтыру мұғалімі және алтын» фильмі Гран-при жүлдесіне ие болды. Ал «Ең үздік көркем фильм» жүлдесіне Яна Скопинаның «Сен жұдырығыңда бір нәрсені жасырып тұрсың» деп аталатын картинасы лайық деп табылды. Анастасия Зверькованың «Жерлесі» болса, «Ең үздік деректі фильм» атанды. Сонымен қатар, «Ең үздік анимациялық фильм» жүлдесі Алена Ребезованың «Долесу», «Ең үздік сценарий» жүлдесі Анна Гороянның «Дәрігер» және «Ең үздік операторлық жұмыс» жүлдесі режиссер Диана Авхадиева мен оператор Артем Садовниковтың «Қуыршақ» картинасына бұйырды (барлығы Ресейден).
«Ең үздік әйел ролі» жүлдесі режиссер Нимрод Иткиннің (Израиль) «Көлеңкеде ештеңе өспейді» фильміне түскен актриса Жанна РазБорер ие болды. Ал «Ең үздік ер адам ролі» жүлдесі режиссер Саят Ахметшәріптің (Қазақстан) «Супермент» фильміне түскен актер Әділ Молдабековқа бұйырды.
Ратмир Назаровтың (Қазақстан) «Махаббат» фильмі мен Кирилл Плетневтың (Ресей) «Настя» фильмі қазылар алқасының арнайы жүлделеріне ие болды.
Бұдан басқа, құрамында жас мамандар: Алішер Әбдісаттаров, Олжас Ермекбаев, Бегімай Мөкеева, Emma Hellebau и Өтеген Нәзира бар Халықаралық студенттік қазылар алқасының Гран-при жүлдесі «Сен жұдырығыңда бір нәрсені жасырып тұрсың» фильміне берілді. Осылайша, Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университетінің студенті, Қазақстанда туып-өскен Яна Скопина «Бастау-2015» фестивалінің екі жүлдесіне ие болды.
Айта кетелік, «Бастау» кинофестивалі үстіміздегі жылы 21-25-ші қазан аралығында Алматыда өтті. Оған әлемнің 20 елінен 170-ке жуық кинокартина ұсынылды.
Ал фестивальдің бағдарламасына студенттердің 60 жұмысы қабылданды. Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары бес күн бойы қала кинотеатрларында жастардың заманауи фильмдерін тегін тамашалады.