Халықаралық Бизнес академиясы Қазақстандағы №1 бизнес-мектеп болып танылды
АЛМАТЫ. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Халықаралық Бизнес академиясы (ХБА) EDUNIVERSAL әлемдік рейтинг агенттігінің саралауымен Қазақстандағы №1 бизнес-мектеп болып танылды.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ХБА басшылары айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталған марапатты агенттік өкілдері маусымның 8-де ХБА мен Коммерциялық Жоғары мектеп (НЕС, Франция) ынтымақтастығының он жылдығына орай өткен «Халықаралық серіктестік ? Бизнес-білім беру сапасын көтеру ықпалы» атты халықаралық конференция барысында тапсырған.
EDUNIVERSAL рейтингі әлемнің 150 елінің 1 мың бизнес-мектептері арасында жүргізіліп, олардың декандарының дауыс беруі нәтижесінде анықталған. Рейтинг аталымына Қазақстанның 2 жоғары оқу орны, ХБА мен ҚМЭБИ ғана енгізілген. ХБА рейтинг бойынша 68 пайыз алып, Қазақстандағы ең үздік бизнес-мектеп атағына ие болып, 1-ші орынды, ал ҚМЭБИ 39 пайызбен 2 орынды иеленген.
«Біз бұл мәртебені сақтауды, білім беруді әлемдік деңгей талаптарына сәйкестендіруді жалғастырамыз», - дейді ХБА ректоры Болат Әбдірахманов.