Халықаралық Бизнес Академиясының түлектеріне "Master of Business Administration" дипломдары табысталды

АЛМАТЫ. 1 Қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында Халықаралық Бизнес Академияның "Master of Business Administration" дипломдарын табыс ету рәсімі болып өтті.

Халықаралық Бизнес Академиясының түлектеріне "Master of Business Administration" дипломдары табысталды

Магистр дипломын академияның 238 түлегі алды. Алматы қаласының түлектерімен қатар, Астана қаласынан -35, Павлодар қаласынан -14, Өскеменнен - 20 және қашықтықтан оқу түрі бойынша 35 магистрант диплом иесі атанды. Оның 83-і оқуды үздік дипломмен тәмәмдаған. Халықаралық Бизнес Академиясының ректоры Асылбек Қожахметовтың айтуынша, бұл үлкен жетістік.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген ректор "Жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті, парасатты, ой-өрісі кең, жаңаша пайымдап, жаңаша ойлайтын білікті де, білімді мамандардың жаңа толқындарының қатарына қосылып отырсыздар. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: Мал дәулеттің байлығы, бір жұттан-ақ жоқ болар, өнер, білім байлығы күннен күнге мол болар дегендей, сіздердің білімдеріңіз арта берсін!",-деп өз тілегін білдірді.

Оның айтуынша, оқуға түскен 300 адамның 80 пайызы бітіріп шыққан. "Халықаралық Бизнес Академиясында оқу зор қарымды еңбек пен шынайы талапты қажет етеді. Академия дағдарысқа қарамастан "№1-ші бизнес-мектеп" дәрежесін сақтап қалды. Биыл біздің оқу орынға бизнес саласында сапалы білім беру жетістігі бойынша Орталық және Шығыс Еуропадағы Менеджментті дамытудың еуропалық институционалды аккредитациясы берілді. Сонымен қатар қыркүйек айында академия Қазақстан тұтынушылары Ұлттық Лигасының "Кіршіксіз" ұлттық сапа белгісімен марапатталды және жақында Академия Еуропа университеттерінің Ұлы хартиясына қосылды",-деді Халықаралық Бизнес Академиясының ректоры Асылбек Қожахметов.

Оның айтуынша , Халықаралық Бизнес Академиясы биыл жаңа мамандықтар бойынша үш лицензия алған. Олар - "Бағалау", "Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі" және "Логистика".

Аталмыш шараға арнайы келген, Швейцария бизнес мектебінің өкілі Косимовская Елена түлектерді қуанышты сәттерімен құттықтап: "Қазақстан әлемнің 129 елі бойынша білім индексінен 1 орында. Ел ЖОО-да жарты млн. студент оқиды, оның 20 пайызы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитындар. Мемлекет 80 пайызына өз инвестициясын салады. Бұл елдеріңізді мақтан тұтатын жағдай", -деп атап өтті.

Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, білім министрлігінің өкілдері және Академияның Қамқоршылар кеңесінің мүшелері қатысты.