Халықаралық донорларға бiздiң елде еш шектеу жасалмайды - Е.Нұрғалиева

АСТАНА. ҚазАқпарат - ТМД елдерi iшiнде Қазақстанның үкiметтiк емес ұйымдардың қызметiн реттейтiн заң ең либералды болып табылады. Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте заң ғылымдарының докторы, профессор, «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» қоғамдық қорының президенті Еңлік Нұрғалиева үкiметтiк емес ұйымдардың қызметi туралы заң болашақта одан әрi жетiлдiрiлетiндiгiн хабарлады.

Халықаралық донорларға бiздiң елде еш шектеу жасалмайды - Е.Нұрғалиева

«ТМД елдерi iшiнде Қазақстанның үкiметтiк емес ұйымдардың қызметiн реттейтiн заңы ең либералды дер едiм. Бiрiншiден, оларды тiркеу кезiнде қандай салада жұмыс жасайтынын көрсетпейдi. Бiр салада, екi салада жұмыс iстей ме, оған ешқандай талап қойылмайды. Халықаралық стандарттарға қарайтын болсақ, онда олар қандай салада жұмыс жасайтындықтарын көрсетулерi тиiс. Бiзде қандай байқауға қатысқысы келедi, сол салаға құжат тапсырып, байқауға емiн-еркiн қатыса алады. Бiздiң заңдардың либералдылығы осы жерде көрiнедi. Екiншiден, қаржыландыру мәселесi. Қаржыландыру алған ұйым үкiметке ешқандай есеп бермейдi. Тек салық туралы және статистикалық есептiлiктi бередi. Қаржыны қайда жұмсағанын тиын-тебенiне дейiн көрсетпесе, ешқандай жауапкершiлiкке тартылмайды. Әрине, қадағалап отыратын органдар бар, олар ешбiр жүгенсiз кеттi деп айтуға болмайды. Бiрақ АҚШ немесе Ресей елдерiндегiдей, барлық тиынына дейiн санайтындай, соншалықты қатаң шаралар қолданылмайды», - дедi ол.

Сонымен қатар «Қазақстанның азаматтық альянсы» елде он жыл бұрын қабылданған «Әлеуметтiк тапсырыстар туралы» заңды жетiлдiру үшiн толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы жаңа заң жобасын жасады. Қазiр ол орталық мемлекеттiк органдарда қаралуда. Е.Нұрғалиеваның сөзiне қарағанда, ол заң жобасы халықаралық стандарттарға сәйкес жасалды. Сондай-ақ ол халықаралық донорлардың қызметiне қатысты жаңа шектеулер болмайтындығын айтты.

«Халықаралық донорларға бiздiң елде еш шектеу жасалмайды. Оларға сенiммен қарайды. 2014 жылы қараша айында халықаралық донорлардың тiзiмi кеңейтiлген болатын. Сондықтан үкiметтiк емес ұйымдар халықаралық донорлар арқылы қаржыландырыла алады. Бiрақ егер олардың iсi мемлекет және азаматтарымыздың мүддесiне қайшы келсе, оларға шектеу жасалады. Халықаралық қаражаттар Қазақстанға қажет. Бiрақ олар әлеуметтiк салаларға, мұқтаждық бар жерге бағытталуы тиiс», - дейдi заңгер.

«Еуразиялық құқық қорғау орталығы» қоғамдық қоры үкiметтiк емес ұйымдардың қызметiн реттейтiн заңдардың олқылықтарын зерттеп, мониторингiлеп келген ұйымдардың бiрi. Жаңа заңның жобасын жасақтауға қоғамдық сарапшылар ретiнде атсалысты.