Халықаралық дзюдо федерациясы 3-ші «Мастерс» элиталық турнирін Қазақстанда өткізу туралы шешім шығарды
АЛМАТЫ. 1 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Дзюдодан "Мастерс - 2012" турнирі алдағы жылы қаңтарда Алматыда өтетін болды. Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) 22 наурызда осындай шешім шығарды.
Әлемнің үздік 12 дзюдошысы арасында өтетін бұл дүбірлі дода алғаш рет 2009 жылы Кореяда өткен еді. Одан кейін ол былтыр Бакуде өз жалғасын тапты. Енді үшінші рет бұл бәсекенің жалауы Қазақстанда көтерілмек. Егер 2012 жылы Лондонда жазғы Олимпиада ойындары өтетінін ескерсек, бұл сайыс болашақ Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері үшін ең жауапты сын болмақ.
15-16 қаңтарда Әзірбайжан астанасында өткен соңғы турнирге 41 елден 207 спортшы қатысқан болатын. Жүлде қоры 200 мың АҚШ долларын құраған бұл жарыста Қазақстан құрамасының қоржынына ерлер арасында 100 кг. салмақта белдескен Максим Раков жалғыз қола медаль салды.