Халықаралық фестивальдің төрт бас жүлдесі батысқазақстандықтарға бұйырды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов ауданы Жалпақтал ауылының балғын өнерпаздары Алматы қаласында мәреге жеткен «Жеті өнер» І халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фестиваль-байқауының төрт бірдей бас жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Халықаралық фестивальдің төрт бас жүлдесі батысқазақстандықтарға бұйырды

null
Жас өнерпаздардың жетекшісі, белгілі әнші-ұстаз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Баян Қабиеваның айтуынша, «Жеті өнер» шығармашылық орталығы (директоры, жоба авторы Сандуғаш Құрманова) Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сәйкес өнерлі өрендердің өзара сайысуына мүмкіндік беріп, шеберліктерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырған байқауға республика қалалары мен өңірлерінен барлығы 700 оқушы қатысып, бақ сынады. Оған қоса Қытайдан домбырашы балалар келді. Үш күнге созылған фестиваль дәстүрлі ән, эстрадалық вокал, хореография, аспапта орындау, шебер қолдар, көркем сөз, қолданбалы өнер, барлығы жеті аталым бойынша өткізілді. Оның «Жеті өнер» деп аталуы да сондықтан. Әндер мен шығармалар үш тілде орындалды.
null 

Сайыс қорытындысында Жалпақталдан барған «Қыз Жібек» термешілер ансамблі, Асқаровалар триосы, Мөлдір Нұғманова және Кәмила Рамазанова дәстүрлі ән аталымы бойынша төрт бас жүлдеге ие болды. Оған қоса Сымбат Нығметуллина екінші орын алып, лауреат атанды.
null 

«Сапарымыз Жеңіс күнімен тұспа-тұс келгендіктен, 28 Панфиловшылар паркінде «Қыз Жібек» ансамблі бір сағат бойы концерт қойды. Жиналған жұртшылық ансамбльге ерекше қошеметін көрсетіп, риза болды. Оған қоса фестиваль аясында «Жаңартылған өнер-білім» бірінші республикалық семинар-тренингінде «Термеде ақыл да бар, нақыл да бар» деген тақырыпта шеберлік сағатын өткіздім. Осы сапарға демеушілік жасаған аудан әкімі Нұрлан Бекқайырға алғысымды білдіремін», деді Баян Қабиева.

Айта кетейік, «Қыз Жібек» термешілер ансамблі бұдан бұрын да бірнеше рет халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған болатын.
null