Халықаралық футбол федерациясы 196 миллион долларға жеке жерасты мұражайын салмақшы
АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат - Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) жеке жерасты мұражайын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Бірінші арна Еуразия.
Жобаның бюджеті 196 миллион долларды құрайды. Ол ФИФА-ның швейцариялық Цюрихтегі штаб-пәтерінде орналаспақшы.
Федерацияның ресми сайтының хабарлауынша, ФИФА-ның атқарушы комитеті мұражайдың құрылысы штаб-пәтердегі жұмыс орнын 380-нен 500 адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп есептейді. Мұражай экспозициясына кубоктар мен жүлделер қойылып, үш өлшемді анимациялық фильмдерді көруге арналған кинозалдар ашылады.
«Болашақта ашылатын мұражай әлемнің түкпір-түкпіріндегі футбол жанкүйерлерінің кездесу орны болмақ», - деді ФИФА президенті Зепп Блаттер.
Естеріңізге сала кетейік, ФИФА 1904 жылы 21 мамырда құрылған еді. Ұйымның құрамына 208 ұлттық ассоциация кіреді.