10:46, 13 Наурыз 2014 | GMT +5
Халықаралық ғарыш стансасы орбитасының биіктігі 2 шақырымға ұлғайтылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Прогресс М-21М» көлік кемесі стансасына тіркелген қозғалтқыштың көмегімен Халықаралық ғарыш стансасының биіктігі 2 шақырымға ұлғайтылды. Бұл жайында Ресейдің «Жаңалықтар» агенттігі Ұшуларды басқару орталығы өкіліне сілтеме жасап хабарлады.
«Кеме қозғалтқышын іске қосу Мәскеу уақыты бойынша сағат 08:07-де орын алды. Олар 7 минут 83 секунд жұмыс істеп, нәтижесінде Халықаралық ғарыш стансасы ұшатын орбитаның орташа биіктігі 412,2-ден 414,2 шақырымға дейін ұлғайды», - деді ол.
Аталған түзетулер 26 наурыз күні Байқоңырдан ұшырылуы жоспарланып отырған «Союз ТМА-12М» басқарылатын ғарыш кемесінің ХҒС-пен түйісуіне оңтайлы баллистикалық жағдай жасау мақсатында жүргізілді.