Халықаралық ғарыш стансасына компьютерлік «ми» орнатылған жаңа скафандр жеткізілді
«Прогресс МС-05» ғарыш жүк кемесі сәтті ұшырылғаннан кейін «Энергия» ресейлік ғарыш корпорациясы Халықаралық ғарыш стансасына жеткізілген жүк жайында мәлімет таратты.
Жүк кемесі орбитаға адамның тіршілік етуіне қажетті түрлі құрал-жабдықтар жеткізді. Сонымен қатар ғарышкерлер тамақ пен жаңа піскен жеміс-жидек те алды. Ғылыми зерттеу және тәжірибе жүргізуге қажетті құралдар да ғарышкерлердің қолына тиді. Мұнан бөлек, ғарышқа 159 келі америкалық құрал-жабдық та жеткізіліп отыр.
Айта кетерлігі, ғарышкерлер «Орлан-МКС» скафандрын айрықша күткен болатын. Өйткені, бұған дейін ғарышқа жіберілген жаңа скафандр 2016 жылдың 1 желтоқсанында «Прогресс МС-04» ғарыш жүк кемесінің апатқа ұшырауына байланысты жоғалған еді.
«Қазіргі уақытта ресейлік скафандрлар ашық ғарышқа 15 рет шығуға ғана жарамды болса, «Орлан- МКС» скафандры ашық кеңістікке 20 рет шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар скафандрдың «миы» - компьютері мен оның жұмыс бағдарламасы да өзгертілген», - деді «Энергия» ресейлік ғарыш корпорациясынан.
Скафандрдың салмағы 120 келі. Дайындаушылардың кепіл беруінше, скафандр ашық ғарышта 7 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.