Халықаралық ғарыш стансысына аттанған экипаждың командирі Дмитрий Кондратьев Қазақстан мектебінің түлегі
БАЙҚОҢЫР. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - 16 желтоқсан, бейсенбі күні «Байқоңырдан» Халықаралық ғарыш стансысына ұшырылған «Союз ТМА-20» ғарыш кемесінің халықаралық экипажының командирі Дмитрий Кондратьев орта мектепті Алматыда бітірген және 1986 жылы Як-52 ұшағында ұшу дайындығы бағдарламасы бойынша Алматы ДОСААФ-ның аэроклубында оқуын аяқтаған.
Ресейлік ғарышкердің өмірбаянына көз салсақ, ол сол жылы А.Ф.Мясников атындағы Качинск жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесіне оқуға түсіп, оның 1990 жылы тәмамдаған. Жоюшы ұшақтың ұшқышы ретінде Әскери-әуе күштерінің түрлі бөлімшелерінде қызмет атқарған. Ұшақтың оншақты түрін игерген, 150-ге жуық парашютпен секірген. «І санаттағы әскери ұшқыш», «Парашюттік-десанттық дайындық нұсқаушысы», «Сүңгуір-офицер» біліктіліктеріне ие.
Ю.Гагарин атындағы Ғарышкерлерді дайындау орталығының ғарышкерлер отрядына Д.Кондратьев 1997 жылдың желтоқсан айында қабылданған. Қарап отырсақ, оның ғарышқа жолы 13 жылға созылған екен, ал көк аспанға алғашқы жолдамасын Алматы ДОСААФ-ының аэроклубынан алған.
«Ресейғарыштың» баспасөз қызметінен хабарлағандай, ғарышкердің әкесі - авиация инженері Юрий Семенович пен анасы - Валентина Дмитриевна, ғарышқа ұшу мақсатына - 13 жыл бойы дайындалып жеткен ұлдарын мақтан етеді. Дмитрий Кондратьев пен оның зайыбы Динара екі ұл тәрбиелеп отыр.