Халықаралық ғарыш стансысының кезекті экспедициясының экипажы жаттығулар өткізуде
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - Кеше, бейсенбі күні Ғарышкерлерді дайындайтын Ю.А.Гагарин атындағы ресейлік ғылыми-зерттеу орталығында Халықаралық ғарыш стансысына аттанатын кезекті экспедиция экипажының емтихандық кешенді жаттығуларының алғашқы күні өтті.
Бұл туралы ҚазАқпаратқа «Ресейғарыш» агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Құрамына ресейлік ғарышкерлер Александр Скворцов пен Михаил Корниенко, сондай-ақ НАСА астронавты Трейси Колдуэлл-Дайсон кіретін экипаж Халықаралық ғарыш стансысының ресейлік сегментінің тренажерында жаттығу өткізді. Құрамына Александр Самокутяев, Андрей Борисенко және Скотт Келли кіретін екінші экипаж «Союз ТМА» кемесінің тренажерында кешенді жаттығу өткізді. Экипажға «жақсы» деген баға берілді, деп хабарлады «Ресейғарыштың» баспасөз қызметінен.
Ғарышкерлер емтихандық жаттығуларын бүгін «Союз ТМА» кемесі мен Халықаралық ғарыш стансысының тренажерларында жалғастырады. Бірнеше күннен кейін комиссия шешімімен негізгі және қосалқы экипаждардың құрамы анықталады.
Кезекті экспедиция экипажының Халықаралық ғарыш стансысына сапары сәуірдің 2-сіне жоспарланған.