Халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинағы үш тілде жарық көрді

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Биылғы мамыр-маусым айында Астана қаласында өткен Ашаршылық құрбандарын еске алудың 80 жылдығына арналған  «Қазақстандағы ашаршылық: халық қасіреті және тарих тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференциясы  материалдарының жинағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 1000 таралыммен баспадан шықты.
None
None

Бұл туралы Мемлекет тарихы институты хабарлап отыр.

Оған отандық, ресейлік  және шетелдік зерттеушілердің ғылыми баяндамалары енгізілген. Кеңестік ұжымдастыру кезеңіндегі тоталитарлық жүйенің саяси қателіктерінен миллиондаған адамдардың құрбан болғаны тарихтан белгілі. Бұл тақырыпты лайықты бағалау еліміздің тәуелсіздік жылдарында ғана мүмкін болды.  Ашаршылық тарихына жаңа көзқарасты қалыптастырған осындай жинақ материалдары осыдан жиырма жылдай бұрын жарық көрген болатын.

«400 беттік бұл жинақтың ерекшелігі - екі күндік іс-шаралар аясында өткен ескерткіштің ашылуы, фильмнің түсірілуі, кітаптың шығуы, көрменің ұйымдастырылуы, әлемнің 13 мемлекетінен келген қонақтармен кездесулер, халықаралық ғылыми конференция жұмысының барысы мен нәтижелерінің тұтастай қамтылуында», - дейді институттың жетекші ғылыми қызметкері Күлпаш Ілиясова.  

Халықаралық ғылыми конференцияның 6 бөлімнен тұратын қарарының мәтінінен отандық және шетелдік ғалымдармен ынтымақтастықта осы тақырыпты кешенді зерттеу арқылы жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мақсаты көзделеді. 

Жинақтың соңғы жағында тарихи маңызы бар ғалымдар кездесуінен кейін туындаған ойлар берілген. «Зерттеу әдіснамасындағы өзгешеліктерге, сандық сәйкессіздіктерге қарамастан, ғалымдардың бәрі «ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы алапат ашаршылық кеңестік биліктің солақай саясатының салдарынан болды» деген ортақ қорытындыға келді», - делінген хабарламада. 

Сол сияқты жинақта конференцияға қатысушы шетелдік қонақтардың қазақ даласына саяхаты да назардан тыс қалмаған.

Соңғы жаңалықтар
Референдум