Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың бас кеңсесі Мәскеуден Алматыға ауысады

Оның айтуынша, ТМД-ның 7 мемлекетінде қызмет жүргізіп отырған ұйым 2015 жылға дейін біртіндеп Ресейден барлық операциялары мен қызметкерлерін көшіріп алып, ол жақтағы жұмысын аяқтауды жоспарлап отыр.
Халықаралық ғылыми-техникалық орталық - 1994 жылдан бері ТМД елдеріндегі ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландырып келе жатқан коммерциялық емес үкіметаралық ұйым. Ұйымның мақсаты - ТМД елдерінің потенциалын денсаулық сақтау саласы, биотехнология, ауыл шаруашылығы, энергетика және жаһандық қауіпсіздік салаларындағы ғылыми-техникалық шешімдерді құруға бағыттау болып табылады. Бүгінде Халықаралық ғылыми-техникалық орталық 1995 жылдан бері жүргізген қызметі аясында Қазақстанға 65 миллион, ал жалпы ТМД елдеріне 850 миллион АҚШ долларынан астам қаражат бөлген.
Баспасөз мәслихатында ХҒТО басқарма кеңесінің төрағасы Рональд Леман мырза: «Біз қазақстандық ғалымдармен соңғы 17 жыл бойы бірлесіп жұмыс жасап келе жатырмыз. Осы уақыт ішінде олардың көптеген сала бойынша жүргізген зерттеулерінің жоғары деңгейде екеніне көз жеткіздік»,-деп атап өтті.
Ол сонымен қатар: «Біз Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан ел екенін мойындаймыз, сондықтан қарым-қатынастың аясын кеңейтіп, қазақстандық ғалымдарға Канададағы, Еуропадағы, Жапониядағы және АҚШ-тағы әріптестерімен бұдан да тығыз байланыста болуына бұрынғыдан да мүмкіндіктер жасауға тырысамыз», - деді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов ХҒТО-тың қазақстандық ғылымға берген үлесінің маңызы жайлы айта келе, бас кеңсенің біздің елге көшуі мемлекеттік инновациялық секторға оң әсерін тигізетінін атап өтті.