Халықаралық іздеу жарияланған Қазақстан азаматшасы БАӘ елінде ұсталды

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Қазақстандағы Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұратуы бойынша Алматы қаласында ірі көлемде алаяқтық қылмысын жасағаны үшін Экономикалық және сыбайлас қылмысқа қарсы күрес департаменті мемлекетаралық іздеу жариялаған 36 жастағы Елена Данилованы Біріккен Араб Әмірлігінде тұтқындады», - деп хабарлады Н. Ораз.
Тергеу мәліметтеріне қарағанда, 2009 жылдың тамыз айынан өткен жылдың ақпан айына дейін Данилова акционерлік қоғамның бірінің бас бухгалтері болған. Ол бір топ адаммен сөз байласып, әр түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестердің жалған сенім хаттарын пайдаланып, серіктестер берген құрылыс материалдары үшін кассадан 14 миллион теңгеден астам ақша алған. Аталған акционерлік қоғам көрсетілген фирмалармен келісімшарт жасамағаны, акционерлік қоғамға ешқандай қызмет көрсетілмегені анықталды.
«Қазіргі уақытта Данилованы Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілуде», - дейді ол.