Халықаралық іздеуде жүрген ішкі істер саласының Есірткі бизнесімен күрес комитетінің бұрынғы төрағасы Анкарада ұсталды
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қызмет бабын теріс мақсаттарға пайдаланды деген айыппен іздеу салынған Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесімен күрес комитетінің бұрынғы төрағасы Асқар Исағалиев Түркия астанасында ұсталды.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, аталмыш азаматқа қатысты жиналған деректер мен оның сот органдарына тиісті мәліметтерді бермегені үшін сот қызметкерлері А.Исағалиевті тұтқынға алу қажет деген шешім шығарып, оған халықаралық іздеу жарияланған. Ал өткен жылдың қазан айында Қазақстан Интерполының ұлттық орталық бюросы оны тұтқынға алып елімізге экстрадициялау мақсатында тиісті шаралар жүргізіп, қашқынды ұстау жөнінде Интерполға мүше елдердің барлығына тиісті мәліметтер жіберген. «Арнайы жүргізілген іздестіру шараларының барысында оның Ресей, Өзбекстан, Қытай, Гонконг, Израиль және Италия сияқты мемлекеттерде болғаны жөнінде мәліметтер келіп түскен. Сондай-ақ ішкі істер органының өкілдеріне А.Исағалиевтің Түркияда жасырынып жүруі мүмкін деген де ақпарат келген. Осыған қарай Қазақстан мен Түркияның Интерпол өкілдері оны Түркия аймағынан 4 ай бойы іздестірді. Ал қаңтардың 9-ы күні іздеуде жүрген азаматтың Анкара қаласында ұсталғандығы жөнінде ақпарат келіп түсті. Қазіргі таңда Түркия тарапы оны елімізге экстрадициялау мәселесімен айналысуда», деді Қ.Жұманов.