Халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық қылмыстық топ Қырғызстаннан құрықталды

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстан ІІМ деректерінше, ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, контрабандамен айналысқаны үшін халықаралық іздеуде жүрген Қазақстанның 2 азаматы Бішкекте қолға түсті.

Халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық қылмыстық топ Қырғызстаннан құрықталды

Қырғызстан Республикасы ІІМ ҚІББ қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шаралары барысында ҚР азаматтары Е.Мәлібаев (Мәзімбаев Р. деген де сол) және Т.Боғаев құрықталды. Олар Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен азаматтық тұлғаларымен бірігіп қылмыстық топ құрды деп күдіктелуде. Кей мәліметтерге қарағанда, бұл қылмыстық топқа 50-ден астам адам кірген.

Қылмыстық топ мүшелері 2007-2011 жж. Қазақстан Республикасы аумағында аса ірі көлемдегі контрабандалық тауар тасыған жүк көліктердің кедергісіз жүруін қамтамасыз еткен. ҚР құқық қорғау органдарының мәліметінше, келтірілген залалдың жалпы сомасы 1 млрд. 496 млн. теңгеден асып жығылады.

2011 жылдың мамырында Е.Мәлібаев пен Т.Боғаевқа Интерпол желісі арқылы мемлекетаралық және халықаралық іздеу жарияланды.

Енді олардың Қырғызстанда жасырынғаны белгілі болды. Е.Мәлібаев заңсыз жолмен Р. Мәзімбаевтың атына Қырғызстан Республикасы азаматының төл құжатын алған. Екеуі де Бішкекте жалдамалы пәтерде ұсталды.