Халықаралық қаржы ұйымдарынан автокөлік жолдарын жаңғыртуға 1 трлн. теңге шамасында заем тартылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015-2019 жылдар аралығында автокөлік жолдарын дамыту жобаларына 1 трлн. теңге шамасында заем тартылмақ. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Инвестициялар және даму министрлігі Автокөлік жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков мәлім етті.
Айта кетерлігі, Елбасы бекіткен Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, алдағы бес жылда авткөлік жолдары саласында 11 жоба жүзеге асырылып, 7 мың шақырымнан астам жолдар жаңғыртылмақ. Бұған Ұлттық қор қаражатынан бөлек (2015-2016 жылдарға - 301 млрд теңге), халықаралық қаржы құрылымдарынан заемдар да тартылатын болады.
«Бұл шамамен 1 трлн. теңге немесе 5,5 млрд доллар шамасында болады. Бүгінгі күні министрлік осы бағытта алдын ала келіссөздер жүргізіп жатыр, жыл соңына дейін қарыз туралы 12 келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз», - дейді А.Беков.
Оның сөзіне қарағанда, халықаралық қаржы ұйымдары есебінен «Орталық-Оңтүстік» жобасы бойынша қарызға алынған қаражатқа Қарағанды-Куратов жол учаскелері жаңғыртылады. Ал бұған қаражат Дүниежүзілік банк пен Еуропалық Қайта Құру және Даму банкінен тартылмақ.
«Сосын «Орталық-Батыс» жобасына Дүниежүзілік банктің, Ислам банкі, Азия Даму банкінің шамамен 1,5 млрд доллар көлеміндегі қаражаттарын тарту қарастырылады. Бұның ішінде «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» жобасы бойынша 960 млн долларды Азия даму банкі мен Ислам дану банкінен алуды жоспарлаймыз. «Жетібай-Жаңаөзен» жобасын жүзеге асыру үшін 140 млн доллар көлемінде Азия даму банкінен, «Ұзынағаш-Отар» жобасына Дүниежүзілік банктен 213 млн доллар көлемінде қарыз тартылады. Биыл бұл жобалар бойынша техникалық негіздемелер әзірленсе, құрылыс жұмыстарын келесі жылдың екінші тоқсанында бастау көзделіп отыр»,- деді комитет өкілі.