Халықаралық Қайта құру және Даму банкі Қазақстанға энергия тиімділігін арттыру бойынша 21,7 млн. доллар грант бөледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму Банкі арасындағы «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы бойынша грант туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Халықаралық Қайта құру және Даму банкінің ұсынатын энергия тиімділігін арттыру бағытындағы гранты еліміздің стратегиялық міндеттеріне сәйкес келеді. Жобаның аяқталу мерзімі 2017 жылдың 30 маусымына белгіленіп отыр. Грант сомасы 21,7 млн. АҚШ долларын құрайды. Ал жобаның мақсаты мемлекеттік және әлеуметтік нысандардағы энергия тиімділігін жақсартуға, энергиятиімділік бағытында қаржыландыру жүйесін құруға бағытталған», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау.
Оның айтуынша, жоба инвестициялық және техникалық көмек көрсету секілді екі құрамдастан тұрады. Оның біріншісі бойынша мемлекеттік және әлеуметтік нысандардың энергия тиімділігі бағытындағы инвестициялық тартымдылығын 17,7 млн. долларға дейін арттыру көзделеді. «Бұның аясында әлеуметтік саланың 70-ке тарта нысанын қаржыландыру қарастырылып отыр, соның ішінде ағымдағы жылға 7 облыстан 19 нысан таңдап алынды. Екіншіден, техникалық көрек көрсету бағытында институционалдық, нарықтық тетіктерді дамыту, орнықты энергетиканы қалыптастыру мәселелері қамтылады. Бұндағы басты қадамның бірі мемлекеттік реестрді автоматтандыру жайында болып отыр», - деді А.Рау.
Оның сөзіне қарағанда, осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүзеге асады, орнықты энергетиканы қаржыландыру тетіктері де қамтылады. «Нәтижесінде мемлекеттік әлеуметтік нысандарға алдыңғы қатарлы технологиялар енгізіледі, энергия тиімділігі арқасында қаражаттар үнемделеді», - деді вице-министр.