Халықаралық Kazakhstan Open 2014 гольф-турнирінің алғашқы раундының көшбасшысы анықталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Франциялық гольфшы Эдриан Бернадет Алматыда «Жайлау» гольф-шипажайында өтіп жатқан Kazakhstan Open Халықаралық гольф-турнирінің алғашқы раундының көшбасшысы атанды. Оның көрсеткіші 65 (-7) - 65 соққы. Бұл, пардан 7 соққы төмен.
Алғашқы тоғыз шұңқырдан кейін-ақ, Бернадет бес «бёрди» жасады. Тек 11-ші шұңқырда ғана бір рет қателікке жол берді (4 пар). Қалған шұңқырлардан ол мінсіз өтті. Сөйтіп, өз карточкасына тағы үш бёрди жазды. «Мен барлық алаңқайлардан жоспарлы түрде соққы жасай отырып өттім. Турнирдің алғашқы күнін жақсы нәтижемен бастағаныма өте қуаныштымын. Мен бұған дейінгі турнирлерде жақсы ойнадым. Бұл жарыста да жоғары нәтижеге қол жеткізуге тырысамын» - деді өз сөзінде Эдриан Бернадет. Ағылшындық Уильям Харольд көшбасына шыққан Эдриен Бернадеттен бір соққы артта келеді. Ол үшінші шұңқырда (5 пар) жасаған «альбатросының» арқасында алғашқы тоғыз шұңқырды минус жеті соққыға үздік өтті. Алайда, алаңның екінші жартысында жасаған үш боггиі оған бірінші орынды сақтап қалуға мүмкіндік бермеді. Үшінші орынға 67 (-5) нәтижемен шотландиялық Джордж Мюррей, Швейцариялық Дамиан Ульрих және испандық Альваро Веласко жайғасты. Сонымен, турнирдің алғашқы күнінің нәтижесі төмендегідей болды: 1 орында Эдриан Бернадет, нәтижесі минус 7 (65) 2 орында Уильям Харольд, нәтижесі минус 6 (66) 3 орында: Джордж Мюррей - минус 5 (67) Дэмиан Ульрих - минус 5 (67) Альваро Веласко - минус 5 (67) Қазақстандық гольфшылар төмендегідей нәтижелер көрсетті: Александр Вонгай, нәтижесі плюс 13 (85); Нұртай Салдаров, нәтижесі плюс 18 (90); Нұрлан Мақұлбеков, нәтижесі плюс 22 (94); Айта кетелік, бұл жерде: «Hole-in-one» - (3 пар) шұңқырға допты бір соққымен түсіру, яғни 2 соққы үнемделді деген сөз. «Альбатрос» - гольфшының допты 5 парлық шұңқырға екінші соққымен салуы, яғни үш соққыны үнемдеп қалды деген сөз. Бұл гольфта өте сирек кездеседі! Сондықтан өте жоғары бағаланады! «Игл» - 4 және 5 парлық шұңқырда көрсетілген нәтижелер, яғни гольфшы 5 парлық шұңқырды 3 соққымен (- 2 соққы үнемделді), ал 4 парлық шұңқырды 2 соққымен өтеді (- 2 соққы үнемделді). «Бёрди» - гольфшы шұңқырларды пардан 1 соққы кем жасап өтті. «Пар» - гольфшы шұңқырдың ресми көрсетілген парына сәйкес соққы жасады. «Богги» - гольфшы шұңқырдың парынан бір соққы артық жасады. «Даблбогги» - гольфшы шұңқырдың парынан 2 соққы артық жасады.