Халықаралық коалиция ИМ ақша қоймасын талқандады

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ басқарған халықаралық коалиция дүйсенб күні, 11 қаңтарда Ирактың Мосул қаласында «Ислам мемлекеті» (ИМ) лаңкестік ұйымының ақша қоймасын талқандады. Бұл туралы Lenta.ru Daily Sabah басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Халықаралық коалиция ИМ ақша қоймасын талқандады

«Біздің бағалауымызша, келтірілген залал миллиондаған долларды құрады. Бұл қаражаттар заңсыз жолмен: тонаушылық, алаяқтық есебінен, сондай-ақ мұнай мәмілелері арқылы алынған», - деп атап өтті АҚШ қорғаныс ведомствосының өкілі. Басылым қойма орналасқан ауданға әрқайсысының салмағы 900 келіден екі бомба тасталғанын хабарлады.

2015 жылғы 7 желтоқсанда американдық IHS зерттеу орталығының талдамашылары «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының ай сайынғы кірісін есептеді. Олардың мәліметтері бойынша, ол 80 миллион долларға жетеді. Компанияда атап өтілгендей, кірістің 50 пайыздайын ұйымның бақылауындағы аумақтардағы коммерциялық қызметтерге салықтар және жерлер мен меншіктерді тәркілеу әкелген, табыстың тағы 43 пайызы мұнай сатудан түскен.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметтері бойынша, ИМ-нің мұнай сатудан кірістері жылына 2 миллиард долларға жуықтайды. Есірткі айналымына бақылау жөніндегі федералдық қызмет директоры Виктор Иванов топ өзінің бақылауындағы аумақтар арқылы ауған героині транзитінен жылына 500 миллион доллар табыс тауып отырғанын мәлімдеді.

5 желтоқсанда The Washington Post Сирия мен Иракта жаулап алған аумақтарынан айырылуы салдарынан «Ислам мемлекетінің» қаржылық проблемаларын хабарлады. Басылымның ақпараты бойынша, топ өз бюжетінің жетіспестігін топтың бақылауындағы аумақтарда тұратын Ирак пен Сирия азаматтарынан жиналатын салықтарды көбейту есебінен жабуға тырысуда. АҚШ Мемлекеттік департаменті желтоқсанның басында топтың мұнай сатудан кірісі күніне 1-1,5 миллион долларды құрайтынын атап өтті.