Халықаралық қоғамдастықтың дамуында азаматтық қоғамның ықпалы зор – М. Жарбосынова
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Мемлекеттің дамуында азаматтық қоғамның рөлі зор. Бұл туралы бүгін Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Азаматтық қоғам конференциясында Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынова осылай мәлім етті.
«ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында азаматтық қоғам қызметінің маңыздылығы ерекше. Атап айтқанда азаматтық қоғамның қосар үлесі жоғары және Сіздермен ұдайы ынтымақтастық байланыстарда болуға мүдделіміз. Осы орайда азаматтық қоғамның айтар пікірін тыңдап, тиісті ұсыныстарды зерделеуге ниеттіміз»,-деді ол.
М. Жарбосынова азаматтық қоғамның рөлі еліміздің дамуына, сондай-ақ жалпы халықаралық қоғамдастықтың ілгерілеуінде өте маңызды екенін айта келе: «Азаматтық институттар бастамалары тұрақты дамуға ықпалы зор және олардың іс-қимылы экономикалық және саяси құқықтардың дамуына, адамдардың бостандығына бағытталған»,-деді.
М. Жарбосынованың пайымдауымша, бүгінгі конференция адамзаттық өлшемдерде ЕҚЫҰ-ның міндеттерін іске асыруда, оның тетіктерін бекітуде маңызды үлес қасады. «11 жылдан кейінгі Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында азаматтық қоғам мәселелеріне арналған бүгінгі конференция ЕҚЫҰ-ға азаматтық қоғаммен өзара қарым-қатынаста болу негізгі басымдықтардың бірі екенін байқатып отыр»,-деп түйіндеді сөзін Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші.
Аталған конференция жұмысына бірқатар елдерден келген үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысуда. Күн тәртібіне сәйкес бірінші сессияда адамзаттық өлшем бағытындағы міндеттерді орындау бойынша ұсыныстарды таныстыру мәселесі қаралады. Ал екінші сессия бұрынғы Кеңес Одағы елдеріндегі ахуалды талқылауға, сондай-ақ үшіншісі, саяси және гуманитарлық дағдарыс жағдайына тиімді әсер етуде ЕҚЫҰ-ның қабілеттілігін арттыру тақырыбына негізделіп отыр.