Халықаралық коммуникация маманы астаналық студенттерге дәріс оқыды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Халықаралық коммуникация стратегі, американдық Чарльз Маклин елорда студенттеріне дәріс оқып, сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Алдымен осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Қазақстанда кезекті рет болғаныма қуаныштымын. Менің Қазақстанмен жұмыс тәжірибем бар. Осы күнге дейін Үкіметтен бастап, саяси жағдайға дейін көп нәрсенің өзгергенін айтқым келеді. Оң өзгерістердің барын көріп отырмын. Егер Қазақстанның 2014 жылғы жағдайын қазіргімен салыстырар болсақ, айтарлықтай өзгерістер байқалады. Әрине, ол оң өзгерістер. Мен бүгінгі лекцияда күн тәртібіндегі маңызды жайттар мен ақпаратты қалай жеткізу керектігі туралы айтамын. Егер елде саяси өзгерістер немесе рефомарлар орын алса, оны халыққа дұрыстап жеткізу қажет. Яғни елдегі саяси өзгерістерді қарапайым халыққа дұрыс жеткізбей, азаматтардың оның мәнін түсінбесе аталған өзгерістер оң нәтиже бермейді», - деді Чарльз Маклин БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Шетелдік мейманның мәлімдеуінше, Қазақстан қоғаммен кері байланыс құралдарын кеңінен қолданады. Оның ішінде әлеуметтік желілер де бар.

«Жаңа дүниені көпшілікке жеткізгенде, оны насихат түрінде емес, ақпараттандыру, құлағдар ету мақсатында жұмыс істеу керек. Ол үшін ақпаратты жеткізудің дұрыс құралын қолдану қажет. Адамдар жаңа өзгерістерге қатысты түсінігі болған кезде ғана, оны әрі қарай оң қабылдайды. Мысалы, маған «Jibek Joly» телеарнасындағы жаңа өзгерістер ұнайды. Жалпы телевидениеге деген түсінігімізді толықтай өзгерткен дұрыс», - дейді ол.

М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті ұйымдастырған шараға студенттер мен басқа да тыңдаушылар қатысты.

«Біздің университет жуырда қоғамдық лекция ұйымдастыруды қолға алды. Бүгінгі лектор Чарльз Маклин шараның бесінші қонағы. Бұған дейін бізде қонақта еліміздің оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, танымал экономист Олжас Құдайбергенов тағы сол сияқты белгілі тұлғалар болды. Жалпы әлемге кеңінен танымал университеттерде сала спикерлерінің қатысуымен ашық қоғамдық лекциялар ұйымдастыру тәжірибесі бар. Біз де университетімізде сол жобаны енгіздік. Аталған лекцияларға кез келген қатысып өзіне керегін ала алады. Қоғамдық лекциялар әр жұма сайын өтіп тұрады», - деді М. Нәрікбаев атындағы қазақ мемлекеттік заң университеті ректорының орынбасары Ерболат Мұхамеджан.

Оның айтуынша, қоғамдық лекция тақырыптарының дені білім-ғылым, экономика және халықаралық қарым-қатынаспен байланысты.

«Бүгінгі қонағымыз Чарльз Маклин еліміздің Орталық коммуникациялар қызметінің аяқтан тұруына үлес қосып, бірқатар идея авторы. Сондай-ақ, бұл кісінің жалпы коммуникация саласында еңбегі айтарлықтай. Бүгінгі лекция тыңдаушылардың көңілінен шығады деген үміттеміз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар