Халықаралық компания мемлқызметшілерге жемқорлық тәуекелдерін анықтауды оқытады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларды іске асыруда тәжірибесі мол ірі халықаралық компанияның өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық компания мемлқызметшілерге жемқорлық тәуекелдерін анықтауды оқытады

Компанияның Орталық Азия өңірі бойынша аға менеджері Зарина Ахмедина сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы жаңа тәсілдерді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық және заңнамалық талаптарды бұзушылықтардың туындауын анықтауға және төмендетуге мүмкіндік беретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы процестерді талдауды таныстырды.

Сондай-ақ, осы қадамдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы рәсімдерді және үдерістердің ықтимал осал тұстарын анықтауға, алаяқтық, лауазымдық құзыретін асыра пайдалану және әдепсіз мінез-құлық фактілерін тексеруге мүмкіндік береді.

Оның айтуынша компания мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырудың, оқытудың жаңа үлгілері мен тәсілдерін енгізуге дайын.

Зарина Ахмедина агенттіктің қызметкерлері үшін комплаенс-күн өткізуді ұсынды.

«Ол ақысыз негізде тренингтер өткізу, әртүрлі кейстерді шешу, өзекті сценарийлерді симуляциялау, топтық іскер ойындар және басқа да шаралар арқылы кәсіби дағдыларды қалыптастыруға бағытталған», - деді ол.

Алик Шпекбаев аталған ұсынысты қабыл алып, агенттік қызметкерлерінің, жалпы мемлекеттік аппараттың оқытылуына ерекше назар аударылатындығын атап өтті.

«Үздіксіз оқыту және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру - бұл уақыттың талабы. Біздің мақсатымыз - мемлекеттік қызметшілердің ойлауын ауқымды трансформациялау. Мемлекеттік қызметшінің тиімді жұмысына кедергі жасауға, олардың ойларын өзгертуге, hard және soft skills-терді дамытуға, сондай-ақ күнделікті қызметте «қажетсіз» элементтерден арылуға бағытталған «Өзгерістерді өзіңнен баста» деген жобасы іске асырылуда», - деді Алик Шпекбаев.

null 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Мемлекеттік басқару академиясында «Комплаенс-күн» форматында топтық тренингтерді ұйымдастыруға және бұл тәжірибені басқа мемлекеттік органдарға тарату жөнінде келісімге келді.

Айта кетерлігі  Deloitte - консалтингтік және аудиторлық қызметтерді ұсынатын халықаралық компаниялар желісі. Ол аудиторлық компаниялардың «төрттігіне» кіреді. 2017 жылы «Fortune» журналы аталмыш компанияны әлемдегі 100 ең беделді компания рейтингісіне енгізді.