Халықаралық құқықтың қолданыстағы жүйесін өзгерту керек – Еркін Тұқымов
«Халықаралық құқық елдердің арасында қарама-қайшылықтың бар-жоғына қарамастан дамиды. Интернет дамып, ынтымақтастықтың жаңа салалары пайда болады. Ғарыш мемлекеттің ғана айрықша құзіреті болудан баяғыда-ақ қалған. Жанжалдарға келер болсақ, өкінішке қарай, адам мінсіз емес. Жанжалдар болған және бола да береді. Бір мысал ғана келтірейін. 2022 жылы әлемде түрлі елдердің арасында 27 қақтығыс болған екен. Олар үш санатқа бөлінген: нашарлай түскен, тоқтап тұрған және жақсара түскен. Соңғы санатта жанжалдар мүлдем жоқ. Бұл жанжалды бастау өте жеңіл, ал аяқтау өте қиын екендігін білдіреді», - деді сарапшы.
Украинадағы жанжалға тоқталған Еркін Тұқымов қандай да бір болжам жасалып, байыпты стратегиялар қалыптасқанымен Қазақстан сияқты орын алған жайтқа нақты көзқарасты елдердің бар екендігін атап өтті.
«Мұны да ескерген жөн. «Қара аққу» (Нассим Талеб теориясы), өзге де бұған дейін айтылған болжамдар бар. Бірақ, оларға құлақ асқандар санаулы. Бүгінде қарама-қайшылықтардың көп екендігін, қайықтың аударылуы мүмкіндігін ескеріп, халықаралық құқықты өзгерту қажет пе? Әрине, керек. Біздің халықаралық құқық жүйемізді қазіргі жағдайға бейімдеген жөн», - деді ол.
Айта кетейік, Нассим Талеб әлемдік экономикаға айтарлықтай салдары тиетін болжауға келмейтін оқиғаларға негізделген «Қара аққу» теориясының авторы. Бұл теорияға мысал ретінде интернеттің дамуын, Бірінші дүниежүзілік соғыс, Кеңес Одағының күйреуі мен 11 қыркүйектегі терактіні атауға болады.
Н. Талебтің ғылыми саладағы негізгі зерттеулері әлемдік экономика мен биржалық саудаға кездейсоқ және болжауға келмейтін оқиғалардың ықпалына арналған. «Қара аққу» теориясы - ол кейіннен ауқымды салдарға алып келетін қиын болжанатын әрі сирек кездесетін оқиғаларды қарастырады.
Фото: kisi.kz