Халықаралық математикалық олимпиада - бүтін ғаламшар оқушылары арасындағы беделді, әрі ауқымы кең интеллектуалдық сайыс - Ж.Түймебаев

Бұл туралы бүгін Астанада 51-ші Халықаралық математикалық олимпиаданың ашылу салтанатында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
Министрдің атап көрсеткеніндей, Қазақстанда мұндай деңгейдегі олимпиаданың өткізілуі Достастық мемлекеттер арасында болып тұрған алғашқы үрдіс.
«Ал олимпиаданың Астанада өткізілуі - біздің еліміздің білім саласындағы деңгейін көрсетіп отыр. Елбасымыз қоғамымыздың интеллектуалдық элитасын қалыптастыруға, білім беруді дамытуға әрдайым зор көңіл бөлуде. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстанда 1998 жылдан бастап дарынды жастармен жұмыс істейтін мемлекеттік жүйе жұмыс істеп келеді. Елімізде дарынды балалар мен жастар үшін, олардың мүмкіндіктерін іске асыруға қажетті жағдайлар жасалып отыр», - деді министр.
Айта кетейік, шілденің 6-17-сі аралығында өтетін 51-ші Халықаралық математикалық олимпиадаға әлемнің 98 елінен барлығы 1 мыңға жуық делегат қатысуда.
Қазақстан аталмыш олимпиадаға алғаш рет 1992 жылы бақылаушы ретінде қатысты. 1993 жылы қазақстандық оқушылар оған бірінші рет қатыстырылып, 1 күміс пен 3 қола медальды иеленіп қайтты. 2006 жылы Словенияда өткен 47-ші халықаралық олимпиадада Қазақстан 2010 жылғы олимпиаданы өз жерінде өткізу ұсынысымен шықты. Бір жылдан кейін, яғни 2007 жылы еліміздің жас математиктері үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, бұл ұсыныс қатысушы елдері тарапынан оң қолдау тапты.