Халықаралық олимпиадада жүлде алған оқушылардың фотолары Ақтау көшелерінде ілінді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласының көшелеріне Еуропа, Азия және ТМД елдеріндегі халықаралық пәндік олимпиадаларда марапаттарға ие болған оқушылардың фотолары қойылған билбордтар ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоба, аймақта балалардың білімге деген құштарлығы мен ғылымға деген қызығушылығын жүлдегер оқушыларды танымал ету арқылы ынталандыру шарасы қолға алынды.

«2015 жылы Бекжан Бекболатұлы деген оқушымыз халықаралық информатика олимпиадасының жеңімпазы болып еді. Оны қазір Гугл компаниясына жұмысқа шақырыпты. Сол сияқты дарынды оқушыларымыз көп. Биыл Маңғыстау облысының 5 оқушысы халықаралық деңгейдегі олимпиадалардан жүлделі орындарға ие болды. Қазіргі таңда қаланың ішіндегі үлкен билбордтардан сол оқушылардың фотосын көре аласыздар. Бұл ата-ана үшін де, біз үшін де мақтаныш әрі біздің болашағымыз осындай жас жеткіншектер екеніне қуанасың»- деді «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Несібелі Қуатова.

Былтырғы оқу жылында Норвегияда өткен оқушылар арасындағы 63-ші Халықаралық математикалық олимпиадаға әлемнің 104 елінен 600 вундеркинд бала жиналды. Соның алтауы Қазақстаннан қатысқан. Аталған жарыста Ақтау қаласындағы «Білім-Иновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әбу Әділет қола медальға ие болды. Осы оқу орнының түлегі Санжар Нұрғалиев Қытайдың Тяньцзинь қаласында онлайн режимінде өткен химия пәнінен халықаралық олимпиадада екінші орын алды.

Ал қалған 3 оқушы Якутск қаласында өткен физика, химия және информатика пәндері бойынша «Туймаада» халықаралық Олимпиадасынан да жүлделі орындарға ие болды.


Соңғы жаңалықтар
telegram