Халықаралық опера және балет фестивалі биыл да өнер сүйер қауымды тосын сыйларымен таңғалдырмақ
АЛМАТЫ. 19 маусым. ҚазАқпарат - Әлемдік деңгейдегі опера және балет жұлдыздарының біздің елімізге келуі - көптен күткен, әрі қызығарлықтай үлкен жағдай болып отыр.
Оны Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Ғабит Несіпбаев бүгін III Халықаралық опера және балет өнері фестивалі қарсаңында өткізген баспасөз мәслихатында айтты.
Ғабит Несіпбаевтың айтуынша, 20-25 маусым күндері өтетін фестиваль бағдарламасына театр репертуарындағы Джакома Пуччинидің «Богема» мен «Тұрандот ханшайым» опералары еніп отыр. Онда өнер сүйер қауым сондай-ақ, Петр Чайковскийдің «Аққу көлі» және Борис Эйфманның «Анна Каренина» балеттерін тамашаламақ.
«Үстіміздегі жыл Алматы қаласында мәдениет жылы боп белгіленді. Бұл жайт - классикалық өнерді өмірінің маңызды бөлігі санайтын, рухани азық алғысы келетін көрермендердің назарынан тыс қалмайды. Сондықтан өнерсүйер қауымның бұл халықаралық фестивальге деген қызығушылығы жоғары болады деген үміттемін. Жаңа есімдермен танысу, танымал шығармаларды олардың орындауында тыңдау, расында да назар аударуға тұрарлық жағдай», - дейді Қазақстан музыка қайраткерлері одағының төрағасы, КСРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері, профессор Ермек Серкебаев.
«Халықаралық опера және балет өнерінің аталмыш фестивалі жыл сайын өз көрермендерін тосын сыйлармен таңғалдырып келеді. Өнерсүйер қауымның дәстүрлі мерекені асыға күтетінінің мәні де осында деп білем. Ол қазақстандық жас орындаушылардың шығармашылық тұрғыдан өсіріп, опера және балет өнерінің қалың қауым арасында насихатталуына сеп болуы да атап өтуге тұрарлық, маңызды жайт», - деді «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның басқарма төрайымы Нина Жүсіпова. Оның айтуынша, отандық жетекші қаржы институты Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының ауқымды шығармашылық жобасына қолдау көрсетуді өзіне мәртебе санайды. Банк театрмен әріптесе жұмыс істеп келе жатқан 5 жыл көлемінде Г. Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» мен «Ғашықтық сусыны» опералық қойылымдары, «Жаңа есімдер» жас орындаушылардың концерті осы фестиваль барысында жүзеге асырылып жүр.