11:09, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Халықаралық валюта қоры әлемдік экономиканың өсу қарқынының болжамдарын нақтылап отыр
ВАШИНГТОН. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат – Халықаралық валюта қоры жариялаған кезекті баяндамасында әлемдік экономиканың өсу қарқынының болжамдарын нақтылап отыр.

Сарапшылардың болжамынша, 2009 жылы бұл көрсеткіш 0,5 пайызды құрайды, бұл соңғы 60 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Қаңтар айында жасалып отырған болжам бұған дейінгі, өткен жылдың қараша айындағы болжамнан өзгерді. Халықаралық валюта қоры былтырғы баяндамасында әлемдік экономиканың өсуі 2,2 пайызды құрайтындығын көрсеткен болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат Utro.ru сайтына сілтеме жасап. Жалпы ішкі өнім өсуінің ең төменгі көрсеткіші Ұлыбританияның еншісінде болмақ. Британдық Қаржылық зерттеулер институтының Institute for Fiscal Studies, IFS) баяндамасы бойынша, британдық жалпы ішкі өнім 2,8 пайызға төмендейді, ал алдағы 20 жылда мемлекеттің борышы дағдарысқа дейінгі деңгейден асып түседі. Бұл жағдай бірінші кезекте қарапайым адамдарға әсер етеді - оны реттеу үшін үкімет салықты арттыру немесе мемлекет шығысын 20 миллиард фунтқа қысқарту сияқты шараларға баруға мәжбүр болады.Экономикалық жағдай нашарлай түскен кезеңде, яғни 2009 жылы әлемде жұмыссыздар саны 210 миллион адамға жетеді. Халықаралық еңбек ұйымының жаһандық есебінде осындай мәліметтер келтіріліп отыр. Ал, одан да пессимистік нұсқада жұмыссыздар қатарына 50 миллион адам қосылып, жұмыссыздық деңгейі 7,1 пайызға жету ықтималдығы айтылуда. Халықаралық ұйымның болжамы бойынша, «жұмыс істейтін кедейлердің» саны, яғни күніне отбасының әрбір мүшесі үшін 2 доллардай күнкөріс табатын адамдардың саны 1,4 миллиард адамға жетуі мүмкін, бұл шамамен әлем бойынша еңбекпен қамтылғандардың 45 пайызы. Халықаралық валюта қорының болжамына сенетін болсақ, жаһандық рецессия 2010 жылдан бұрын аяқталмайды.