Халықаралық валюта қоры Данияр Ақышевтің жұмысына жоғары баға берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықарлық валюта қоры Қазақстандағы миссиясының басшысы Марк Хортон ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышевтің еліміздің банк секторын нығайтудағы жұмыстарына жоғары баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақышев (Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев) мырзаның белгілі бір деңгейде қысымда жүргендігі жайында хабардармыз. Бұл оның қол жеткізген табыстарын да көрсетеді. Өйткені, ол күрделі жұмыс атқаруда. Дағдарыс аясында пайыздық ставканы барынша жоғары деңгейде және инфляциялық болжалды белгілі бір шекте ұстап тұру үшін экономиканы тұрақтандыру қиын шара. Бұл да нақты бір деңгейде экономикаға ауыртпалық түсіреді. Нақты біреулердің банктер өтімді болуы үшін пайыздық ставкалардың төмен болғандығын қалайтындығын түсінемін. Өздеріңізде БТА-да, банк секторында не болғанын, қайтарылмайтын несиелер жайында естіген де шығарсыздар. Бұл ахуал бірнеше жыл бойы жинақталып келді және Ақышев мырза бұл ахуалды реттеуге тырысуда», - деді Хортон.
Осы орайда ХВҚ өкілі екінші деңгейлі банктердің акционерлері өте күшті екендігін баса айтты.
«Сондықтан сектордағы проблеманы шешу екінші деңгейлі банктердің акционерлері тарабынан реакция туындатады. Бұл табиғи процесс. Кез келген елде орталық банк екі бағытта жұмыс жасайды. Бірі инфляциялық қысымды төмендету, екіншісі банк секторының ұзақмерзімді мәселелерін шешу. Біздің ойымызша, Ақышев мырза өзінің жұмысын барынша жақсы жүргізуде», - деді шетелдік сарапшы.
Сондай-ақ ол Қазақстанның Ұлттық банкі ашық жұмыс жүргізіп жатқандығын баса айтты.
«Шындығын айтқанда Ақышев мырза өте күрделі жағдайда жақсы жұмыс жүргізіп жатыр деп есептейміз. Кеше біздің бірлескен сұхбатымыз болды. Ақышев мырзаға келешекте қолдау керек болады. Жұмыс әлі аяқталған жоқ. Біз Президент Назарбаев тарабынан оған күшті қолдау көрсетілгендігін қанағаттанушылықпен атап өттік. Бұл да жақсы белгі», - деді Хортон.