Халықаралық валюта қорының болжамынша, Қырғызстан экономикасы 2011 жылы 7,1 пайыздық өсімге қол жеткізеді
АЛМАТЫ. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қырғыз Республикасының экономикасы биыл 3,5 пайызға төмендеуі мүмкін. Бұл бүгін Алматыда Халықаралық валюта қорының Кавказ бен Орталық Азия елдерінің экономикалық дамуы туралы болжамына жасаған есебін таныстыруға арналған баспасөз мәслихатында айтылды.
Халықаралық валюта қоры ағымдағы жылы Кавказ бен Орталық Азия аймағындағы елдерде ағымдағы жалпы ішкі өнімнің өсімі 5,7 пайыз деңгейінде болады деп болжам жасап отыр. Экономиканың қалпына келу үрдісі Қырғызстаннан (-3,5 пайыз) басқа елдердің бәрінде де байқалып отыр. Мәселен өсім Арменияда - 4; Әзірбайжанда - 4,3; Грузияда - 5,5; Қазақстанда - 5,4; Тәжікстанда - 5,5; Түрікменстанда - 9,4: Өзбекстанда - 8 пайызды құрамақ.
Халықаралық валюта қорының Қырғыз Республикасындағы тұрақты өкілі Коба Гвенетадзенің айтуынша, мемлекеттік төңкеріс бұл елдегі экономикалық ахуалға кері әсерін тигізіп отыр. Дегенмен экономикалық дағдарыстан айығу үрдісіне байлансты Қырғызстан экономикасын қалпына келтіруге шет мемлекеттер тарапынан көрсетілетін көмек көлемі ұлғаюда. Бұл алдағы жылы елдегі экономикалық өсім көлемінің 7,1 пайызға дейін ұлғаюына мүмкіндік бермек. Ал Кавказ бен Орталық Азиядағы өзге елдерде: Арменияда - 4,6; Әзірбайжанда - 1,8; Грузияда - 4; Қазақстанда - 5,1; Тәжікстанда - 5; Түрікменстанда -11,5; Өзбекстанда -7 пайызды құрайды деп болжануда.