Халыққа әкімдерді сайлау құқығы берілуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген конституциялық реформалардың ішінде "Астана мен Алматы қалалары, сондай-ақ облыс әкімдерінен басқаларды әкім қызметіне тағайындау және одан босатуды бұрынғыдай Президент актісімен емес, заңмен анықтау" туралы ұсыныс та бар. ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген депутаттар аталған өзгерістің мән-жайын түсіндіріп берді.
"Иә, "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында ондай өзгеріс бар. Міне, қараңыз, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері мәслиxаттардың келісімімен Президент тағайындайды. Ал басқа әкімшілік-территориалдық аймақтардың әкімдері енді заңмен тағайындалады. Демек, арнайы заң болады. Негізі, қазір бізде жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң бар. Соған өзгерістер енгізілетін шығар", - дейді аталған заң жобасын екінші оқылымға дайындау жөніндегі бірлескен комиссияның жетекшісі, депутат Нұрлан Әбдіров.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев те өз әріптесінің айтқан сөзін растап отыр. Алайда ол өз кезегінде әкімдерді xалықтық сайлау арқылы тағайындау мәселесін көтеруге әзір. "Қазіргі кезде әкімдерді тағайындайды. Енді, Конституцияға өзгеріс енгізген соң, 300-ге жуық заңға өзгерістер енгізуге тура келеді. Осы заң жобасынан кейін біз сол жұмысқа кірісеміз. Себебі тиісті заңдарды Конституцияның талаптарына келтіру керек. Әкімдерге қатысты жергілікті өзін-өзі басқару заңына өзгерістерді енгізуге мәжбүр боламыз. Меніңше, жергілікті жерде облыстық қалаларға дейінгі әкімдерді сайлауымыз қажет. Бәлкім, аудандық әкімдерді тағайындап, ауыл әкімдерін xалықтың сайлауына беру керек шығар. Біз өз партиямыздың атынан ондай ұсыныстарды енгізуге дайынбыз. Ал ары қарай қалай болатынын жұмыс көрсетеді", - деп атап көрсетті Азат Перуашев.