Халыққа алғашқы көмек көрсету тәсілдерін тәжірибе жүзінде үйретуді мақсат етіп отырмыз - ҚР Қызыл жарты ай қоғамының президенті
АЛМАТЫ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Қызыл жарты ай қоғамы жыл соңына дейін Денсаулық сақтау министрлігіне алғашқы жәрдем көрсетуге жетекшілік ету жобасын ұсынбақ. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен журналистерге арналған алғашқы жәрдем көрсету бойынша тәжірибелік семинарда айтылды.
«Біз қазір алғашқы көмек көрсетуге жетекшілік ету жобасын дайындап жатырмыз. Ол дайын болғаннан кейін Денсаулық сақтау министрлігімен келісіп, олардың келісімін алған соң халыққа жедел жәрдем көрсетуді кең көлемде үйретеміз. Бұл жұмыстар қазір Алматы қаласында ғана жүргізілуде. Онда адамдарды жер сілкінісі кезінде өзін қалай ұстау керек, зілзаладан кейін және оған дейін қалай дайындалу керектігі туралы мәселелер бойынша семинар өткізіп, мектеп оқушыларын, денсаулық сақтау қызметкерлерін және басқа да қоғам мүшелерін үйретіп жатырмыз», - дейді ҚР Қызыл жарты ай қоғамының президенті Еркебек Арғымбаев. Оның айтуынша, адамдар жарақат алған жағдайда медициналық көмек келгенше өзіне-өзі және басқаларға да қалай көмек көрсету керектігін жақсы білу керек. Өйткені жарақат алғанда сүйек сынады, бұлшық ет жыртылады, қан ағады. Егер алғашқы 9 минут ішінде дұрыс көмек көрсетілсе, ауыр жарақат алғандарды 90 пайызға дейін ажал аузынан құтқарып қалуға болады.