Халыққа қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер санитарлық талаптарды қатаң сақтаулары керек - Н. Сәдуақасов
АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Халыққа әртүрлі қызметтер көрсететін жеке кәсіпкерлер санитарлық талаптарды қатаң сақтаулары керек.
Бұл туралы бүгін еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер міндетін атқарушы Нұрлан Сәдуақасов мәлім етті.
«Бүгінгі күні мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлік субъектілерді тексеруге қатысты мораторий шарасы олардың барынша еркін жұмыс істеуіне жақсы жағдай туғызып отыр. Кәсіпкерлер ұдайы тексерістерсіз жұмыстарын жүргізуде. Әрине, біз адал кәсіпкерлікке сеніміміз мол. Дегенмен, жәке кәсіпкерлер, жауапты тұлғалар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтаса деген тілек бар. Елдегі жағдайдың басым бөлігі осыған байланысты», - деді Н. Сәдуақасов.
Жалпы ағымдағы жылдың басынан бері республиканың мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары санитарлық заңнама талаптарын бұзу оқиғалары бойынша 22393 айыппұл салып, санитарлық талаптарға және нормаларға сай келмейтін 519 нысанның қызметін уақытша тоқтатқан. 891 іс тергеу органдарына өткізілген.