Халыққа қызмет көрсету орталықтары әкімдіктен алынып Байланыс және ақпарат министрлігіне беріледі
АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Аталған заң жобасына Мәжілістің бір топ депутаттары бастамалық жасаған болатын. Тұтастай алғанда, құжат халыққа қызмет көрсету орталықтарының жеке және заңды тұлғаларға «Жалғыз терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуіне байланысты қатынастарды реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленген. Осыған орай заң жобасы орталықта қамтылған функцияларды жергілікті атқарушы органдардан ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға беруді көздейді.
Естеріңізге сала кетейік, халыққа қызмет көрсету орталықтары 2005-2009 жылдар аралығында Әділет министрлігінің құзырында болып келген еді. 2010 жылы орталықтар жергілікті атқарушы органдардың қарамағына өткен болатын. Осыған байланысты яғни, жергілікті әкімдіктерге берілгеннен кейін оның жұмысы халыққа қызмет көрсетудің сапасына кері әсер еткен. «Мемлекет басшысы халыққа қызмет көрсету орталықтарының функцияларын жергілікті атқарушы органдардан алып, байланыс және ақпарат министрлігіне беруді, сондай-ақ орталықтардың шаруашылық жүргізу құқығын мемлекеттік кәсіпорын түрінде жұмыс істеуін қолдаған болатын. Осыны ескерген депутаттар заң жобасына бастамашы болды»,-деді құжат бойынша баяндама жасаған депутат Айгүл Соловева
Оның айтуынша, заң жобасымен жұмыс барысында құжат «Жалғыз терезе қағидаты», «Мекен жайдың тіркеу коды» секілді ұғымдармен толықтырылған. Мұндай түзетулер нақтылау және әркелкі түсіндіруді жою мақсатында енгізілді.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.