Халыққа қызмет көрсету орталықтары жанынан шалғай ауылдарға барып қызмет көрсететін «ұтқыр кеңселер» ашылады - А. Жұмағалиев

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Халыққа қызмет көрсету орталықтары жанынан шалғай ауылдарға барып қызмет көрсететін «ұтқыр кеңселер» ашылады.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары жанынан шалғай ауылдарға барып қызмет көрсететін «ұтқыр кеңселер» ашылады - А. Жұмағалиев

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев осылай мәлім етті.

«Жалпы шалғайдағы ауылдан аудандағы Халыққа қызмет көрсету орталығына жету үшін қарапайым халықтың қалтасына біршама салмақ түседі. Мәселен, жол қатынасы, анықтамалар алуға қатысты басқа да қызметтерді қоса есептегенде мемлекеттік қызметті жүзеге асыру барысында бір адамға 7 мың теңгеден астам шығын кетеді екен. Сондықтан да, біз қарапайым халықтың қалтасына салмақ салмау үшін «ұтқыр қызмет көрсету» жұмысын қалыптастыратын боламыз. Бұл ретте Халыққа қызмет көрсету орталығының «ұтқыр кеңсесі» құрылып, аптаның белгілі бір күнінде ауылдарды аралып, халықтың қажетті арыздарын, өтініштерін жинап, содан кейін барлық үдерістерді жергілікті орындарда атқарып, кейіннен анықтамасын да ауылға апарып тарататын болады. Осы бағыттағы жоспарымыз баршылық», - деді министр А. Жұмағалиев. Оның айтуынша, «ұтқыр кеңселерге» қатысты әкімдіктер де қолдау білдірген. Енді бюджеттен арнайы қаражат бөлінсе, жоба іске аспақ.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс депутаттары бастамашы болған заң жобасы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары әкімдіктер қарамағынан алынып, Байланыс және ақпарат министрлігінің қарамағына өтетін болады. Тоқтала кететін жайт, Халыққа қызмет көрсету орталықтары 2005-2009 жылдар аралығында Әділет министрлігінің құзырында болып келген еді. 2010 жылы орталықтар жергілікті атқарушы органдардың қарамағына өткен болатын.