Халыққа қызмет көрсету орталықтарына мүгедек жандарды жұмысқа тарту қажет - Президент әкімшілігі

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Халыққа қызмет көрсету орталықтарына мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру қажет. Мұндай ұсынысты бүгін Астанада өткен мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесін дамытуға арналған халықаралық конференцияда Президент әкімшілігі Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының жетекшісі Азамат Әбдімомынов айтты.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарына мүгедек жандарды жұмысқа тарту қажет - Президент әкімшілігі

Оның айтуынша, Көлік және коммуникация министрлігі бірыңғай байланыс орталықтарында мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа алуды жоспарлауда көрінеді.

«Меніңше, осындай адамдарды ХҚКО-лардың өзіне жұмысқа алуды ұсынатын уақыт келген сияқты. Онда түрлі кедергілердің өте көп екенін білеміз. Мен бұл мәселені күн тәртібіне қою керек деп ойлаймын. Оның шешілуі бір немесе одан да көп жылдарға созылуы мүмкін, дегенмен ХҚКО қызметкерлерінің арасынан мүмкіндігі шектеулі жандарды да көрсек жақсы болар еді», - деді А. Әбдімомынов.

Айта кету керек, конференция жұмысына орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қызметкерлері, ҮЕҰ мүшелері, халықаралық сарапшылар қатысты.