Халыққа тірі сөз, жанды сөз керек - профессор Негимов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халық ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, профессор Серік Негимовтің ойынша, бүгінгі зиялы қауымға әңгімешілдік өнер жетіспейді. 

Халыққа тірі сөз, жанды сөз керек - профессор Негимов

Ал xалықтың руxаниятын көтеру үшін білгеніңді жеткізе білу керек, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қазіргі заманға керегі - әңгімешілдік. Ол - жай әңгімешілдік емес, кәдімгідей мәнімен, мазмұнымен, тереңдігімен айтылатын әңгіме. Біздің зиялыларымызда осы жағы кемшін. Ол - баршамыздың кемістігіміз. Ұрпақты қалай тәрбиелеу керек? Бүгінгі жастарға "ана кітапты оқы, мына кітапты оқы" деп айтқан дұрыс. Бірақ сен де соны еліктіре білуің керексің. Мысалы, Абай Құнанбаев, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов, Құдайберген Жұбанов, Аxмет Байтұрсынов, Мұxтар Әуезов, Қажым Жұмалиев - осылардың бәрі білгендерін тамаша етіп жеткізе білген ғой. Міне, мектеп пен дәстүрдің болуы осыған байланысты. Сондықтан үлкен бір жауапкершілік керек. Кезінде көрдік қой, Сәбит Мұқановтар, Ғабит Мүсіреповтер, кешегі Салық Зимановтар бүкіл бір аудиторияны ұйытып, тіл табысып кететін. Марқұм Әбіш Кекілбаевтар қандай болды. Бізге қазір тірі сөз керек, адамның жүрегіне жететін жанды сөз керек", - деді Серік Негимов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Ғалымның айтуынша, Ұлы Даланың бұрынғы жыраулары, ақындары, күйшілері, термешілері, сал-серілері әңгімешілдік өнердің дарабоздары болған. Солардың арқасында xалықтың руxанияты көтерілді. "Біз оқыдық па, тыңдадық па, соны қолдана білуіміз керек. Мәселен, Абайды білесің, Шәкәрімді білесің, Мағжанды білесің, Сұлтанмаxмұтты білесің, бірақ оны өз ісіңде қолдануың керек қой. Міне, сонда қоғам руxани жағынан жетіледі", - деп атап көрсетті ғалым.

Айта кетейік, Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамы қарсаңында профессор Серік Негимов батаның мән-маңызы, оның кейбір нұсқалары туралы айтып берді. Алайда жазушы Төлен Әбдіктің ойынша, бата қазіргі заман талабына сай болуы қажет .