Халықтан медицинаның қызмет сапасына қатысты 11 мың шағым түсті - вице-министр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықтан медицинаның қызмет сапасының нашарлығына қатысты 11 мың шағым түсті. ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Жандос Бүркітбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Медицина және фармацевтикалық бақылау комитетіне түскен шағымдарды талдау олардың қысқармағанын, жекелеген жағдайда халықтың медициналық көмек сапасына шағымының артқанын көрсетеді. Айталық, бірінші жартыжылдықта 2,8 мың шағым түсті. Фактілердің 30 пайызы расталды», - деді бірінші вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, кеше Денсаулық сақтау министрлігінде халықтан медициналық қызмет сапасына келіп түскен шағымдардың себептері талқыланған. Негізді шағымдарды саралау нәтижесінде қолайсыз өңірлер анықталған. Осы өңірлердің денсаулық сақтау басқармасы басшыларына медициналық қызметтердің сапасын арттыру және пациенттерді қолдау қызметтерінің жұмысын «осы жерде және қазір» қағидаты бойынша күшейту үшін шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырмалар берілген.
«Сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі/міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына талдау жасалды. Call-орталық халықтың мәселелерін жедел шешуге көмектеседі. Оған осы жылдың бірінші жартыжылдығында 400 мыңнан астам шағым түсті. Өткен жылы дәл осындай кезеңде 70 мыңнан астам шағым түскен еді. Бұл ретте, ТМККК/МӘМС аясындағы медициналық қызметтерге шағым саны 1,7 есеге – 6,5 мыңнан 11,1 мыңға дейін өсті. Мәселен, 2022 жылдың 1-ші жартыжылдығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 11 мыңнан астам адам медициналық қызметтер сапасының төмендігіне, медициналық қызметтер көрсетуден бас тартуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты шағым түсті. Шағымдардың 80 пайызына медициналық қызметкерлердің, медициналық ұйымдар басшылығының нашар қарым-қатынасы себеп болып отыр. Пациентті қолдау қызметтерінің жұмысын медициналық ұйымдардың басшылығы да, денсаулық сақтау басқармалары да тиісті түрде бақыламайды», - деді Жандос Бүркітбаев.
Фото: ortcom.kz