Халықты әлеуметтік қолдау шарасы аясында атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін арттыру мәселесі қарастырылуда

АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Халықты әлеуметтік қолдау шарасы аясында атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін арттыру мәселесі қарастырылуда.
None
None
Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы халықты жұмыспен қамтудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Әбденов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Әлемдік дағдарыс жағдайында жұртшылықтың жұмыстан босап қалуымен қоса, табысынан айырылу немесе табысының төмендеуі қаупі де туып отыр. Егер орта мерзімдік кесімді айлық жалақы көрсеткішін қарайтын болсақ, 2005-07 жылдары табыстың өсуін байқаймыз. Ал 2008 жылдың аяғына таман әлемдік қаржы дағдарысының салдарынан бұл көрсеткіштер төмендеген. Министрлік тарапынан халықтың нақты табысы төмендеуінің алдын алуға бағытталған шаралар қамтылып жатыр. Атап айтқанда, 2009 жылы бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысын көбейту мәселелері қолға алынды. Ендігі кезекте еңбекақыны төлеу жүйесін жетілдіру шаралары да жүргізілмек», - деді С. Әбденов. Вице-министрдің айтуынша, 2009 жылы зейнетақы төлемдері 25 пайызға көтеріліп, бұл 1,6 млн. зейнеткерді қамтыды. Сонымен бірге, ағымдағы жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 12 пайызға артып, орташа көрсеткіш 12 мың 817 теңгені құраған. «Халықты әлеуметтік қолдау шарасы аясында атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін арттыру мәселесі қарастырылуда. 2008 жылы атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны республика бойынша 244 мың адамды құрап, осы бағыттағы төлемдер 3 млрд. 406 млн. теңгені құрады. Ал биыл бюджеттен атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген қаражат 3 млрд. 825 млн. теңгеге дейін ұлғайды. Бұнымен қоса, республикалық бюджеттен трансферт ретінде 1 млрд. 131 млн. теңге бөлінді», - деді С. Әбденов.
Соңғы жаңалықтар