Халықты ауызсумен қамтуды субсидиялау өкілеттігі жергілікті атқарушы органдарға берілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде ауызсумен жабдықтауды субсидиялауда өкілеттіктерді ажырату мәселесі бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, депутат Уәлихан Қайназаровтың айтуынша, заң жобасы халықты ауызсумен қамтамасыз ету үшін субсидияны уақтылы бөлу мақсатында әзірленген.

Заң жобасында баламасыз сумен жабдықтау көздері саналатын аса маңызды жергілікті сумен жабдықтау жүйесінің тізбесін әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияларды уәкілетті органнан жергілікті атқарушы органдарға беру көзделеді.

Бұл ретте жаңадан салынған жергілікті сумен жабдықтау жүйесінің тізбесіне енгізу рәсімі жергілікті деңгейде жүргізіледі, бұл өңірлердің ауызсумен жабдықтауға субсидия алуын жылдамдатады.

Заң жобасында сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын аса маңызды топтық және жергілікті сумен жабдықтау жүйеснен халыққа берілген ауызсудың бір текше метріне төлемақы мөлшерін әзірлеу жөніндегі құзыреті ұсынылады.

Ал жергілікті өкілді органдарға оны бекіту жөнінде өкілеттік беру ұсынылады.

Жұмыс тобына 17 ұсыныс келіп түсті, олар жұмыс тобының бес отырысында, мүдделі министрліктер, жергілікті өкілді және атқарушы орган өкілдерінің, сондай-ақ қоғамдық және сараптамалық ұйым өкілдерінің қатысуымен комитеттің кеңейтілген отырысында талқыланған.

Парламент Мәжілісінің барлық комитеті осы заң жобасы бойынша оң қорытынды берген.


Соңғы жаңалықтар