Халықты баспана алаяқтарынан қалай қорғауға болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы нотариустарға жылжымайтын мүлік базаларына кіруге рұқсат беруді ұсынып отыр. Соның арқасында баспанамен байланысты алаяқтық әрекеттердің жолын кесуге мүмкіндік бар. Алайда оған дейін осы саладағы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін бір-біріне қосып, ретке келтірген жөн, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықты баспана алаяқтарынан қалай қорғауға болады

«Негізі, нотариустар үйді сатып жатқан адамның меншік құқығын, яғни бұған дейін баспана кімнің атында болғанын және қалай аударылғанын тексера алса, осы саладағы алаяқты әрекеттерді азайтуға болады. Мәселен, үйді алатын адам қосымша ақы төлеп, меншік құқығын жан-жақты тексере алатындай жағдай жасауға болады. Алайда ол үшін нотариустарға тиісті ақпараттық жүйлерге кіруге, одан қажетті мәлімет алуға рұқсат беру керек. Сосын нақты бір үйге қатысты барлық құжаттар бірыңғай базада сақталуы шарт. Осының арқасында кез келген нотариус жылжымайтын мүліктің меншік құқығын тексере алады», - деді ҚР Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин заң-жобалау қызметі бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында.

Оның айтуынша, бүгінде келісімшартты рәсімдеген нотариустың жауапкершілігі де жоқ емес. Оның сақтандыру сомасына 2 млн теңге мен мүлік кіреді.

«Біздіңше, алаяқтық болған жағдайда ол сома барлық шығындарды өтеуге жеткіліксіз. Мәселен, көрші Ресейде біреу нотариустың кесірінен мүліктен айырылса, онда сақтандыру компаниясы 5 млн рубль төлеп береді. Біздің ақшамен 25 млн теңгедей болады. Бұл - әжептәуір ақша. Қазақстанда болса, 12 есе төмен, 2-ақ млн теңге. Оған жатақхана бөлмесін де сатып ала алмайсың. Демек, аймақтарда отырған нотариаттық палаталар да өз өкілдерін сақтандыруға атсалысуы қажет», - деп атап көрсетті Лукин.

Айта кеткен жөн, республикалық нотариаттық палата аталған бастамаға қарсы емес. Алайда ең алдымен ақпараттық базаларды ретке келтіру керек. Нотариустарға мүлікке қатысты мәліметтерді алуға рұқсат берілсе, сақтандыру сомасын да ұлғайтуға әбден болады.