Халықты оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыруға квота артады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда халықты өңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныстандыру бойынша квоталарды арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше назар аударды. Сонымен қатар Президент шағын несиелеуді енгізумен тұрақты жұмыс орындарын құру қажеттігіне және еңбек ресурстарының өңіраралық теңгерімсіздігі мәселесіне тоқталды. Осыған байланысты бір ай мерзімде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне өңір әкімдерімен бірлесе өңтүстіктен солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аударуға квоталарды арттыру мен ынталандыру бойынша Үкіметке ұсыныстарды енгізуді тапсырамын. Осы орайда қажетті есеп-қисапты даярлау керек», - деді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысын қорытындылау барысында.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында Президент ірі агрохолдингтерді қаржылық сауықтыру мен өсімдік шарауашылығындағы сақтандыру мәселесіне екпін қойғанын жеткізді.
Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен, «Атамекен» ҰКП-мен және облыс әкімдерімен бірлесе бір айдың ішінде қаржылық сауықтыруға егжей-тегжейлі талдау жасап, тиісті ұсыныстарды Үкіметке енгізу жүктелді.