«Халықты «тәуіп» болуға итермелеген сауатсыздық па, әлде мәжбүрлік пе?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 22 қыркүйек, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Халықты «тәуіп» болуға итермелеген сауатсыздық па, әлде мәжбүрлік пе?» - республикалық басылымдарға шолу

 ***

«Осы күндері Нью-Йорк қаласында Халықаралық бейбітшілік күніне арналған іс-шаралар өтуде. Оларға еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай бастаған делегация белсене қатысуда. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарларына сәйкес, Халықаралық бейбітшілік күні жыл сайын 21 қыркүйек күні аталып өтеді. Бұл күн мемлекеттер ішіндегі және еларалық бейбітшілік мұраттарының ны­ғаюы­на арналады»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Бас ұйымдағы Бейбітшілік күні» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, кеше БҰҰ Штаб-пәтерінде Қа­зақстан мен ЮНЕСКО-ның бас­тамасымен бейбітшілік және зорлық жасамау мәдениеті мәсе­ле­лері жөнінде жоғары деңгей­дегі пікірталастар болып өтті. Пікірталастың негізгі мақсаты - баянды бейбітшілік мәдениетін құру, мәдениетаралық және дін­ара­лық өзара түсіністік пен келісімді ілгерілету, сондай-ақ зор­лық­тың барлық түрлерімен күре­су­дің мүмкін жолдарын қарастыру.

***

«Бұдан былай бойы 165 см-ден төмен жігіттер Қарулы күштердің қатарына шақырылмайды. Бұл туралы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, штабтар бастықтары комитетінің төрағасы Сәкен Жасұзақов мәлімдеді», деп жазады «Айқын» газеті.  Мақала «Аласа бойлы жігіттер әскерге алынбайды» деген тақырыппен берілген.

 

 «Салық даулары қалай шешіледі?». «Айқын» газетінің жазуынша, Алматыда Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің қаржы және салықтық құқық бұзушылықтарынан туындаған сот дауларын қарау тәртібін же­тілдіруге арналған көшпелі отырысы болды.   Комитет төрағасы Серік Ақылбай салық және қаржы саласындағы құқық бұзушылықтардан туындаған дау­лардың ерекшелігін атап өте келіп, салық дауларының туындауына әсер ететін негізгі мәселе ретінде қол­да­ныстағы заңнамадағы олқылық­тарды атап өтті. Ол туралы салық ор­ган­да­­рының шешімдері мен іс-қимылдарын теріске шығару жөніндегі істерді қарау тәжірибесі дәлел болып отыр. Даулы мәселелер дәл емес немесе салық заңнамасымен реттелмеген жағдайда, салық тө­леу­шінің құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы туралы салық органдарының деректерін сотта дәлелдеу мүмкін емес.

***

«Алаш айнасы» газетінде «Халықты «тәуіп» болуға итермелеген сауатсыздық па, әлде мәжбүрлік пе?» атты мақала басылды. «Халқымыздың 92 пайызы өзін-өзі емдеуді әдетке айналдырған». Мұны еліміздің Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова ханым өзі мойындап отыр. «Сондай-ақ әлеуметтік зерттеу нәтижесінде халықтың 42 пайызы дәрігердің кеңесінсіз дәріні өз бетімен қабылдайтынын, ал тек дәрігердің қатаң бақылауымен ғана тағайындалуы тиіс антибиотиктерді халықтың 53 пайызы арнайы маманның қадағалауынсыз қолданатынын анықтадық»,-дейді бас дәрігер.

***

Қазақстандық қоғам діни арандатушылыққа бой алдырмайды. Әлемде «Мұсылмандардың пәктігі» америкалық фильміне қатысты  дау-дамай басылмай тұр. Аталған фильм 11 қыркүйекте жаһандық желіде пайда болған еді. Оның шығуы салдарынан жердің түкпір-түкпірінде түрлі оқиғалар орын алды. Осы орайда «Литер» газеті «Сила воли» материалында еліміздің қоғам қайраткерлері мен сарапшыларының ұстанымдарын жариялады.