Халықтық бақылау: БҚО-да 10 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобасын енгізді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 10 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасын енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықтық бақылау: БҚО-да 10 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобасын енгізді

БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы Асылұлан Досжановтың мәлім еткеніндей, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қадағалауды күшейту үшін Мемлекет басшысы еліміздің барлық өңірлерінде «Халықтық бақылау» жобасын енгізу тәжірибесін ұсынған болатын. Мұндағы мақсат – еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың жай-күйін жақсарту, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды инклюзивті жұмысқа орналастыруды қолдау.

Айтуынша, күні бүгін «ҚазАрмаПром», «Кама Центр», «Хлебзавод №1», «Искон», «Стекло-Сервис», «Агран», «Орал трансформатор зауыты», «Орал Таза Сервис», «Кублей» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен «Орал «Зенит» зауыты» АҚ осы жоба аясында жұмыс істейді. Сонымен қатар, 183 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді (OHSAS 18001, МОТ-СУОТ). 35 кәсіпорын еңбек жағдайлары бойынша аттестаттаудан өтсе, «Vizion Zero» тұжырымдамасын қолдау мақсатында облыстың 85 ұйымы ресми сайтта «Компания» ретінде тіркелді.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы еңбек инспекторлары «Қауіпсіз еңбек» акциясы аясында 50-ден астам өнеркәсіп және құрылыс нысанына шығып, жұмысшылардың еңбек жағдайларымен танысып, қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге байқалған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді. Сонымен қатар, 500-ден астам қызметкерді қамти отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қазіргі таңда облыс кәсіпорындарында 428 өндірістік кеңес жұмыс істейді, олардың міндеттеріне өндірістік жарақаттанудың алдын алу, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайына тексеру жүргізуді ұйымдастыру кіреді. Өткен жылы 3 415 (2021 жылы – 1 796) басшы мен жауапты қызметкер жазатайым оқиғаларға қатысты білімдерін тексеруден өтті.

Алайда, профилактикалық іс-шараларға қарамастан, өткен жылы облыста өндірісте жарақат алушылар саны өсті. Арнайы тергеп-тексеру қорытындысы бойынша 2022 жылы 58 (оның ішінде 7 топтық) жазатайым оқиға тіркелді, бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 10 пайызға (2021 жылы – 52, оның ішінде 4 топтық) көп. Жазатайым оқиғалар салдарынан барлығы 71 адам зардап шекті, бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 17 пайызға (2021 – 59) артық. Соның ішінде 55-і ауыр жарақат алса, 16-сы қаза тапты. Биыл 12 адам ауыр жарақат (өткен жылғы деңгеймен бірдей) алса, 1 адам (2022 жылы осы мерзімде – 5) көз жұмды.

«Талдау көрсеткеніндей, жазатайым оқиғалар көбінесе жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы талаптарын орындамауынан болып жатады. Кейбіреулері қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың негізгі талаптарын елемейді. Мұның себептері – кәсіпорындарда еңбекті қорғау және гигиена саласында нақты саясаттың және іс-шараларды басқару жүйесінің болмауы, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасында ынтымақтастықтың тиісті ұйымдық құрылымы мен тетігінің жоқтығы, еңбекті қорғау мәдениетінің төмендігі. Қорыта айтқанда, барлық жазатайым оқиғалар қандай да бір техногендік құбылысқа тәуелді емес, ол жұмыс беруші тарапынан бақылаудың болмауы, қызметкерлердің қауіпсіздік техникасын сақтамауы, жеке қорғаныс құралдары мен арнайы киіммен қамтамасыз етілмеуіне және басқа адами факторларға байланысты екенін атап өткім келеді», - деді А. Досжанов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.