«Халықтық IPO» кезінде тәуекелдердің болатынын ескеру қажет - «Самұрық - Қазына»

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - «Халықтық IPO» бағдарламасын іске асырып, нарыққа шығарылатын акцияларды сатып алған кезде тәуекелдердің болатындығын ескеру қажет.

«Халықтық IPO» кезінде тәуекелдердің болатынын ескеру қажет - «Самұрық - Қазына»

Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ақпараттық-талдау департаментінің директоры Марат Әубәкіров айтты.

«Акцияны сатып алған адам, депозиттен де артық пайда таба алады. Бірақ ол пайданың тұрақты болуына кепілдік беруге болмайды. Акцияның бағасы төмендесе, инвестор шығынға батады. Сондықтан «Халықтық IPO» бағдарламасын іске асырып, нарыққа шығарылатын акцияларды сатып алған кезде тәуекелдердің болатындығын ескеру қажет», - дейді М.Әубәкіров. Өз сөзінде ол ел Үкіметі мен «Самұрық-Қазынаның» бағалы қағаздар нарығындағы акцияларының бағасын сақтау үшін барлық іс-шараларды атқаратындығына сендірді.

Айта кетейік, 2012-2013 жылдары биржаға, ең алдымен, «ҚазТрансОйл» және «KEGOC» компанияларының акцияларын орналастыру жоспарланып отыр. Одан кейін халық «ҚазТрансГаз», «Қазтеңізтрансфлот», «Қазақстан темір жолы», «Қазтеміртранс», «ҚазМұнайГаз» бен «Қазатомөнеркәсіп» компанияларының бағалы қағаздарын сатып ала алады. «Біз шетелдік биржаларға шықпаймыз. Барлығы ел ішіндегі бағалы қағаздар нарығында болады. Жоспар бойынша компаниялардың 15 пайыз акциялары сатылады. Бірақ «Самұрық-Қазына» қоры компаниялардың негізгі иесі болып қала бермек», - деді М.Әубәкіров.