Халықтық ІРО бағдарламасы аясында пайлық инвестициялық қорлардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылады - Тимур Сәлімов

АЛМАТЫ. 26 маусым. ҚазАқпарат - Пайлық инвестициялық қорлардың болашағы зор. Бұл жайлы «Асыл-Инвест» АҚ-ның басшылары бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Халықтық ІРО бағдарламасы аясында пайлық инвестициялық қорлардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылады - Тимур Сәлімов

«Ұжымдық инвестицияға қазір инвесторлар тарапынан қызығушылық өте төмен.  Оны басқарушы компаниялардың әрекетінен де байқауға болады. Қазіргі таңда еліміздегі бірқатар инвестициялық қорлар өз қызметін тоқтатты. Олар нарықтағы әлеуетті ойыншылар  болатын. Бұл ғаламдық дағдарыс салдарына байланысты.  Таяу 5 жылдың ішінде пайлық инвестициялық қорлар санының қысқаруы бұдан ары жалғасады. Бұл үрдіс сапаны көтеріп, басқару мен қор құрылымын жақсартады», - дейді «Асыл-Инвест» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Сәлімов. Оның айтуынша, басқарушы компаниялар қазір өз қызметін негізгі 3 құрамға бағыттауда. Олар - пайлық инвестициялық қорлардың басқару сапасы мен кіріс деңгейін көтеру, халықтық қаржылық сауатын арттыру және ұжымдық инвестициялау саласындағы заңнаманы жетілдіру. Халықтық ІРО бағдарламасы бөлшек қорларға деген қызығушылықты арттырады. Халықтық ІРО бағдарламасы аясында жаңа мүмкіндіктер ашылады. «Асыл-Инвест» АҚ- жетекшілері пайлық инвестиуциялық қорларға депозитке балама ретінде емес, қосымша толықтырушы жинақтау құралы   ретінде қарайды. Мәселен басқарушы компаниялар дағдарыс кезінде мол тәжірибе жинады.

Дағдарыс кезінде агрессивті инвестициялаған қорлардың жоғалтқаны көп болды. Консервативті саясат ұстанғандарда бұл азырақ болды. Соның нәтижесінде 2008 жылы бірде-бір пайлық инвестициялық қор 4 пунктен жоғары кіріс таба алмады.  Тек нарық тұрақтала бастаған кезде  басқарушы компанияның қолданған құрылымына қарай кіріс қайта өсті.