Халықтық ІРО бағдарламасы қор нарығын дамудың сапалы жаңа сатысына шығарады - Қазақстан қор биржасының вице-президенті
АЛМАТЫ. 7 қараша. ҚазАқпарат - Бұл қор нарығы үшін ерекше есте қалатын күн болады. Қазақстан қор биржасының вице-президенті Болат Бабенов бүгін Алматыда «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығының қаржы нарығының қатысушылармен және жеке инвесторлармен болған кездесуде осылай айтты.
«Халықтық ІРО бағдарламасы аясында «ҚазТранОйл» АҚ-ның қарапайым акцияларын орналастыру акциясы Қазақстан қор нарығының жаңа тарихын ашады. Бүкіл әлемде қор нарығы экономикаға бос қаржыны тарту тетігі рөлін атқарады. Қазіргі нарықтық экономика онсыз толыққанды жұмыс жасай алмайды. Сол себепті «Халықтық ІРО бағдарламасын» жүзеге асыру бізге сапалы жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндік береді. Нарық сапалы жаңа қаржы құралдарымен және инвесторлардың барлық категорияларымен толығады», - дейді Б. Бабенов.
Оның айтуынша, Қазақстанның қор нарығында қазіргі таңда бізде институционалдық инвесторлар басымдыққа ие. Ол нарықтық өтімділігі мен экономикадағы ақша айналымына өз әсерін тигізуде. Қор биржасы вице-президентінің сөзіне қарағанда, әлемде ІРО бағдарламаларын жүзеге асырған елдер көп. Олардың көпшілігі қор нарығында дамудың жаңа деңгейіне шығуда жағымды рөл атқарды. Халықтық ІРО бағдарламасының Қазақстанның қор нарығына да осындай оңды әсері болады деген үміт зор. Жалпы қор биржасының бұл бағдарламаны жүзеге асырудағы рөлі жеткілікті деңгейде жоғары. Оған қор биржасы ұзақ уақыт бойы әзірлік жасады.