«Халықтық ІРО» бағдарламасын түсіндіру шарасына қатысу Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше жауапкершілік артады - Е.Тоғжанов
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Самұрық-Қазына» АҚ «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша ақпараттық-түсіндіру науқаны жоспарына қол қойды.
Аталған шара барысында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов әлеуметтік-экономикалық өсу мен қоғамдық келісімді нығайту әрдайым өзара байланысқан әрі ажырамас үрдіс болып табылатындығын, сондықтан да Ассамблея осы бастамаға қатысатындығын баса айтты. «Ұлттық бірлігіміз ел азаматтарының нақты экономикалық мүдделерінің негізінде, нақты істерінің айналасында қалыптасады. Ал «Халықтық ІРО» бағдарламасын түсіндіруге қатысу Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше жауапкершілік артады», - деді ол.
Айта кетейік, бірлескен жоспарды іске асыру аясында 98 ұйымдастырушылық-әдістемелік, ақпараттық түсіндіру шараларын өткізу, өңірлік ақпараттық-насихаттау топтарының жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда.
Жоспарды іске асыруға Экономикалық даму және сауда, Мәдениет және ақпарат министрліктері, Ассамблея қоры, ҚХА кәсіпкерлерінің қауымдастығы, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер, Достық үйлері, 25 этникалық газет пен журналдардың редакциялары, ҚХА-ның ресми сайты тартылады.